Нақтырақ айтар болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін қаладағы апатты жағдайдағы 1500 тұрғын үйді бұзу және иелеріне жаңа пәтер беру көзделген.
Осы бағытта Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасы бойынша тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы қолға алынған. Бұл жоба Шымкент ӘКК сүйемелдеуімен жүзеге асырылады және оны инвестордың есебінен толығымен қаржыландырады.
Бүгінде осы бағдарлама аясында 22 отбасы қоныс тойын тойлап, жаңа баспанаға көшті. Бағдарлама қатысушыларына «Шымкент сити» шағынауданынан жаңа әрлеудегі үй берілді.
Жалпы, мегаполистегі 2000-нан астам көпқабатты үйдің 70%-дан астамы 50 жылдан асқан. Қазіргі таңда 134 апатты жағдайдағы үй тіркелген. Мұндай үйлер тұрғындардың өміріне, сондай-ақ қоршаған инфрақұрылымға қауіп төндіреді.
Бағдарлама аясында Әлімбетов 34 мекенжайында орналасқан бір тұрғын үй бұзылатын нысандар тізіміне енгізілді. Бұл ғимарат шамамен бір ғасыр бұрын салынған және заманауи қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді.
Апатты үйдің тұрғындары жаңа ғимараттан көлемі мен бөлмелері тең пәтерлер алады. Сонымен қатар, жаңа пәтерлер алдыңғы пәтерлерден орташа есеппен 20 шаршы метрге кең, ал тұрғындар бұл үшін қосымша төлем жасамайды. Барлық пәтерлер таза әрлеумен беріледі.
Реновация бағдарламасы тек тұрғындарды сапалы баспанамен қамтамасыз етіп қана қоймай, қаланың заманауи сәулеттік келбетін қалыптастыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді.