Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 80-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп, көрсеткіш 99%-ға жетті. Қалған Құрсай елді мекенінде жұмыстар мерзімінен бұрын аяқталып, қазір су қосу шаралары атқарылуда. Қаланың ұлғаюына байланысты жаңа аудандарда да ауыз су жүйелерін жүргізу жалғасады.Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының 2024 жылғы 10 айдағы жұмысының қорытындылары туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Басқарма басшысы атқарылған жұмыстарын баяндады.
Қаладағы 81 шағын ауданның 25-і (713,5 мың адам) кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. 2024 жылы 1 магистралды коллектор (Тұраннан КОС-қа дейін) және 5 ішкі орамдық жүйенің (Нұртас, Тұран ішкі жүйе, Қайтпас-1, Солтүстік-Батыс) құрылысы жоспарланған. Нәтижесінде, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 60%-дан 65%-ға дейін ұлғаймақ. 2025 жылға Айқап-Түркістан, Шым-Сити жобаларының құрылысы толық аяқталады.
81 елді мекен толық сапалы электр қуатымен қамтылған. 2024 жылы Асар-2, Тұран 10 РП, Ақжар ҚС, Сайрам, Бозарық, Құрсай және Тұран шағын аудандарында 7 нысанның құрылысы жүргізілуде. Асар-2 және Бозарық шағын аудандарындағы жұмыстар 2024 жылы аяқталады, қалған 5 нысанның құрылысы 2025 жылы тәмамдалады.
Қаланың 55 елді мекені толық, 24-і жартылай, ал 2 елді мекен мүлдем газбен қамтылмаған. Қазіргі қамту деңгейі 96%-ды құрайды. 2024 жылы 12 нысанның құрылысы аяқталып, табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 97,4%-ға жетеді деп күтілуде.
Шымкент қаласында 2024-2025 жылдарға арналған жылу беру маусымына дайындық жұмыстары 20 қазанда толық аяқталып, жылу 21 қазанда берілді. Қала әкімінің №74-ө өкіміне сәйкес, «3-Энергоорталық» АҚ және дербес қазандықтардан жылу алатын барлық тұтынушыларға жылыту маусымы ресми түрде басталды.
Дайындық жұмыстары мен жылу жүйесін іске қосу:
• 1 қазаннан бастап қаланың магистралдық және ішкі орамдық жылу желілері химиялық тазаланған 40℃ сумен толтырылды.
• 21 қазанда «3-Энергоорталық» АҚ-нан жылу беру басталып, алдымен әлеуметтік нысандарға – ауруханалар, мектептер, балабақшалар және мәдениет нысандарына қосылды.
• Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарындағы тұрғын үйлерге жылу біртіндеп қосылып жатыр.
Жылу беру параметрлері:
• Қаланың Солтүстік бөлігіне 85/52℃, Оңтүстік бөлігіне 85/50℃ температурада жылу беріледі.
• №2 және №3 қазандықтар тұрақты жұмыс істеп тұр, ал №1 қазандық резервте. Турбоагрегаттар 139,5 МВт/сағ. электр қуатын өндіруде.
• Қаланың 26 дербес қазандығы толық қуатта жұмыс істеуде, тұтынушылары жылумен қамтылған.
6 қарашаға дейін барлық тұтынушылар жылу жүйесіне қосылды. Кез келген ақаулар мен мәселелердің алдын алу үшін «Қуатжылуорталық-3» мекемесінде тәулік бойы диспетчерлік қызмет ұйымдастырылған. Қаланың тұрғындары 8 (7252) 44 81 89 немесе 8 (7252) 44 82 37 нөмірлері арқылы байланыса алады.
Шымкент қаласында көше жарықтандыру жүйесін жақсарту жұмыстары ауқымды түрде жалғасуда. Қала бойынша жалпы 6714 көше (3897,4 км) бар, оның 2047-сі (884,6 км) жарықтандырылған, бұл көрсеткіш қазіргі уақытта 30,4%-ды құрайды.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 1301 көшеге жарық шамдары орнатылады. Оның ішінде 1237 көшеде жұмыстар аяқталып, жарықтандыру жүйесі іске қосылды. Жұмыстарды 2024 жылдың желтоқсанына дейін толығымен аяқтау жоспарланған.
Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 38 көшеге жарық шамдарын орнатуда. Қазіргі таңда 4 көшеде жұмыстар жүргізілуде.
Демеушілік қолдау арқылы («АБМ Билдинг 2007» ЖШС) 300 көшеге жарықтандыру жүйесі орнатылады. Қазіргі уақытта 50 көшеде жұмыстар аяқталып, жарық қосылған.
Тұран шағын ауданындағы 13 көшені жарықтандыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаның 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін аяқталуы жоспарланған.
2024 жылдың қорытындысы бойынша көше жарықтандыру жүйесімен қамту көрсеткішін 35,7%-ға жеткізу көзделіп отыр.
Бұл жобалар Шымкент қаласының тұрғындарына ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.