2024 жылғы 9 желтоқсандағы жағдай бойынша Шымкентте 1 120 мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Атап айтқанда: 37 адам «Күміс жас», 26 адам «Алғашқы жұмыс орны», 146 адам «Қоғамдық жұмыс», 47 адам «Жастар практикасы», 9 адам әлеуметтік жұмыс орны, 32 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды. Сонымен қатар, 485 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 70 мүгедектігі бар тұрғын мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болды. 268 адам «Бизнес бастау» жобасы арқылы кәсіпкерлік білім алды.
Биыл Шымкент қаласының еңбек мобильділігі орталығына жүгініп, тұрақты жұмысқа орналасқан 30 жастағы Әсел Медеубаева өзінің тәжірибесімен бөлісті. Үш бала тәрбиелеп отырған Әсел бұған дейін түрлі мекемелерде жұмыс істегенімен, денсаулығына байланысты жұмыссыз қалған. Үшінші топ мүгедектігі бар тұрғын ретінде тіркелген ол, аудандық мансап орталығының көмегімен Шымкент қалалық перзентханасында медбике болып жұмысқа орналасты.
«Жұмыссыз ретінде тіркелгеннен кейін бірнеше ауруханадағы бос орындар ұсынылды. Үйіме жақын орналасқан Қалалық перзентханаға жұмысқа тұруды шештім. Қазір жаңа туған нәрестелер мен шала туған балаларды күту бөлімшесінде қызмет атқарамын. Жұмысым ұнайды, жас аналар мен әкелердің алғысына бөленіп жүрмін. Бұл жұмысқа орналасуыма көмектескен мемлекетімізге үлкен рахмет», – деді Әсел Ерланқызы.
Сонымен қатар, Шымкентте мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған квота да бекітілді. 2023 жылдың 30 қарашасында бекітілген квота бойынша 42 мекемеге 143 мүгедектігі бар тұрғын жұмысқа орналасты.
Шымкентте мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту шаралары қалада инклюзивті қоғамның қалыптасуына үлес қосып, мүгедектердің еңбек нарығына араласуына мүмкіндіктер тудыруда.