Қаламыздың су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Департаменттің басты міндеттерінің бірі. Қыс мезгілінің кеш басталуына қарамастан, профилактикалық шаралар күзден бастап қарқынды жүргізіліп жатыр.
Қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан еліміздің әртүрлі өңірлерінде күзгі-қысқы кезеңде 9 адам суға батып, оның ішінде 3 бала қаза тапты (Қостанай облысы – 2, Атырау облысы – 1, Абай, Ақмола, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 1 оқиғадан). Біздің қалада мұндай жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ.
Қыркүйек айынан бері судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша 80 рет рейд ұйымдастырылып, 9500 адам қамтылды. Аталған рейдтер демалыс және мереке күндері күшейтілген режимде жүргізілуде. Сонымен қатар, күзгі-қысқы кезеңде қауіпсіздікті арттыру мақсатында «МҰЗ-2024» республикалық акциясы аясында кең көлемді жұмыстар жалғасуда.
Балық аулау және аңшылыққа арналған дүкендерде, сондай-ақ балықшылардың Whatsapp топтарында арнайы дайындалған жадынамалар мен бейнероликтер таратылып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелері туралы түсіндірілуде.
Қысқы кезеңде су айдындарындағы белсенділік арта түседі, себебі бұл – балықшылардың сүйікті уақыты. Алайда, мұз үстіндегі балық аулау қайғылы оқиғаға айналмас үшін, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Айта кетейік, су айдындары біркелкі қатпайды: алдымен таяз жерлер мен жағалаулар, содан кейін ғана орталық бөлігі қатады.