Бұл игі шараның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан шын талантты анықтау және қазақ поэзиясына деген сүйіспеншілікті насихаттау.
Байқауға еліміздің әр өңірінен, атап айтқанда, Орал, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Тараз, Созақ, Түркістан, Шымкент, Жетісай қалаларынан келген 15 үміткер қатысты. Мүмкіндігі шектеулі болса да, жүректері мен жыр сезімдері шексіз дарынды қатысушылар көрермендерді шынайы поэзиямен баурап алды.
Тартысты дода нәтижесінде Шымкент қаласынан қатысқан Салтанат Мадиярқызы бас жүлдені иеленіп, көркем сөз оқудағы шеберлігімен ерекше көзге түсті. Бірінші орын Орал қаласынан келген Асылбек Қуанышқалиевке бұйырса, Қазығұрт ауданынан қатысқан Рүстем Кенжеұлы екінші орынға лайық деп танылды. Ал, үшінші орынды Созақтық Дәулет Дәмен иеленді.
Байқауға қатысушылардың дайындығы мен таланты әділқазыларды тәнті етті. Әр үміткер Әлібек Шегебай мен Бақытжан Алдиярдың өлеңдерін жүрекке жеткізіп, мәнерлі дауыстарымен тыңдармандардың жан-дүниесін тебіренте алды.
Бұл байқау ерекше жандардың тек шығармашылық қырын ғана емес, олардың өмірге деген құштарлығын, әдебиетке деген сүйіспеншілігін де айқын көрсетті.
— Биыл біздің бірлестікке 10 жыл толды. Бүгінгі болып өткен шара бесінші рет өтілген республикалық ауқымды байқау. Мұндай шаралар болашақта да жалғасын тауып, талантты жандарға жаңа мүмкіндіктер ашуға негіз боларына сенемін, - деді бірлестіктің шығармашылық жетекшісі Ербек Бакиев.
«Мөлдіреген жыр сезім» байқауы – рухани шабыттың, өнерге деген адалдықтың көрінісі. Бұл жыр мерекесі қатысушылар мен көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлап, қазақ поэзиясының құндылығын тағы бір мәрте асқақтатты.