Жұма, 13 Желтоқсан 2024 22:58

2024 жылы Шымкентте 12 мыңнан астам адамға тегін заңгерлік көмек көрсетілді

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова айтты. 

 

Шымкент қаласы бойынша әділет органдары азаматтарға заңгерлік көмек көрсетуді жетілдіруде. Қазіргі таңда нотариустар, адвокаттар мен заң консультанттары цифрлық технологияларды пайдалана отырып, тұрғындарға қолжетімді әрі тиімді қызмет ұсынуда.

Шымкентте 322 нотариус жұмыс істейді. Азаматтарға қызмет көрсету процесін жеңілдету үшін "EMobile" қосымшасы және E-notary.kz платформасы арқылы келесі қызметтер қолжетімді:

• Өкіл болуға сенімхат рәсімдеу;

• Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлікті иеліктен шығаруға келісім беруі;

• Некеде жоқтығы туралы өтініш беру;

• Онлайн консультация алу.

2024 жылы нотариустармен 1 404 онлайн қызмет көрсетілді.

Сондай-ақ, даусыз талаптарды соттан тыс өндіру тәжірибесі кеңінен қолданылуда. Нотариустың атқарушылық жазбасы шыққан жағдайда борышкерге SMS-хабарлама жолданады. Егер борышкер келіспеген жағдайда, 10 жұмыс күні ішінде нотариусқа қарсылық білдіре алады.

Қала аумағында 499 адвокат пен 1 237 заң консультанты жұмыс істейді. Белгілі бір халық санаттары мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегіне жүгіне алады.

2024 жылы Шымкентте 12 922 адамға мемлекет кепілдік берген тегін заңгерлік көмек көрсетілді.

Бұл қызметтердің тиімділігі мен қолжетімділігін арттырып, азаматтардың құқықтық мәселелерін шешуге үлкен септігін тигізуде.

Оқылды 151 рет