Сенбі, 21 Желтоқсан 2024 15:26

Түркістан облысында әлеуметтік салаға мониторинг жұмыстары жалғасуда

Түркістан облысында кедейлікпен және жұмыссыздықпен күрес, әлеуметтік саладағы кемшіліктерді жою бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Әлеуметтік салаға бөлінген қаржыны өз мақсатында тиімді жұмсау, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің жолын кесу үшін мониторингтер мен тексерулер жүргізілуде. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, осы бағыттағы жұмыстар талқыланды. Жауапты басқарма мен мекеме басшысының есептері тыңдалды.

2024 жылдың 10 айындағы қорытындысымен халықты жұмыспен қамту және кедейлік деңгейін төмендету бойынша атқарылған жұмыстар туралы Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, облыс әкімімен бекітілген 2024 жылғы «Өңірдің жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орындарын ашу жоспарланды. Оның ішінде 74,1 мың адамды тұрақты жұмыс орындарына, 44,8 мың адамды уақтыша жұмыс орындарына орналастыру көзделген. 2024 жылдың 3 тоқсанындағы дерек бойынша 88,9 мың адам Өңірлік карта аясында жұмыспен қамтылды, оның ішінде 46,2 мың адам тұрақты жұмысқа орналасса, 42,7 мың уақытша жұмыс орындары ашылған. Жоспар бүгінде 74,8% орындалып отыр. Жұмысқа орналасқандардың 96 пайызымен электрондық келісімшарт түзіліп, жалпы 85,7% зейнетақы аударымдары төленген. 2024 жылы облыс бойынша «Еңбек» бағыты аясында 98,2 мың адамды жұмыспен қамту шараларына жолдау жоспарланып, нақты 69,4 мыңнан астам азамат қамтылған. Жылдық жоспар 70,7 пайызға орындалды. Оның ішінде 27,3 мың азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.

Жиында «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Абзал Казанкапов «Еңбек мобильділігі» мен «Мансап» орталықтарына жүргізілген тексеру жұмыстарының қорытындысы туралы баяндады. 2024 жылдың ақпан айында субсидияланған жұмыс орындарын ұйымдастыру барысында қаржыны жымқыру фактілері анықталды. Бұл ретте, Орталық тарапынан анықталған фактілер Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне ұсынылып, тергеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, заң бұзушылықтарды жою бойынша бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес 82,8 млн. теңге (52%) бюджетке кері қайтарылды. Құзырлы органдардың ұсынымын қарау барысында заң бұзушылыққа жол берген «Еңбек мобильділігі» орталығы мен «Мансап» орталықтарының 43 қызметкерінің тәртіптік жауапкершіліктері қаралған. Оның ішінде 16 қызметкер жұмыстан босатылған.

Өңірде мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуы мен заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылып, субсидияланған жұмыс орындарына жолданған азаматтардың еңбек тәртібін сақтауына мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Қазығұрт аудандары мен Түркістан қаласы бойынша жұмысқа жолданған азаматтарға қоңырау шалу арқылы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, зерделеумен қамтылған 4422 азаматтың 620-сы жұмыс орны, атқаратын жұмысы, еңбек ақы көлемі туралы мардымды жауап бере алмаған. Жұмыстан шығарылған.

Жыл басынан жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде жұмыс орындарына қабылданған 30,2 мың адамның ішінде 1309 адамға (4,3%) еңбек тәртібін сақтамағаны үшін келісімшартты тоқтату шешімі қабылданды. Тиісінше, аталған жұмыс берушілермен келісімшарт бұзылып, жалған қатысушылардың еңбекақысы төленбей, бюджет қаржысы үнемделді. Жиында Бейсенбай Тәжібаев жауаптыларға күн тәртібіндегі 2 мәселе бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Жұмыспен қамту шараларын ширату, мемлекет қаржысын мақсатты жұмсау, еңбекпен қамтылған тұрғындардың жұмыстарына келуін қадағалау, міндетті зейнетақы жарналарын төлеуін назарға алуды жүктеді. Аудан, қала әкімдері орынбасарлары мен әлеуметтік салаға жауапты басшыларға өз міндеттерін адал, сапалы атқару керектігін ескертті.

Түркістан облысында 99 296 мүгедектігі бар адам есепте тұр. Оның ішінде 84 206 адам 18 жастан асқандар, 15 020 адам мүмкіндігі шектеулі балалар. Түркістан облысында әлеуметтік қорғау саласында стационарлық және жартылай стационарлық жағдайлардағы арнаулы әлеуметтік қызметтер түрлерін алуға құқылы 34 370 мүгедектігі бар адам тіркеуге алынған.Солардың 1349 адамы жыл басынан бері аталған қызмет түрлерімен қамтылған. Оңалту орталықтарының және әлеуметтік нысандарының құрылысы туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты 14 мекеме қызмет көрсетеді. Оның ішінде 4 стацинарлық үлгідегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары жұмыс жасаса, жартылай стационарлық үлгідегі 6 оңалту орталықтарында жалпы саны 240 мүмкіндігі шектеулі жанға қызмет көрсетіледі.

Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында ересек мүгедектігі бар адамдарға арналған 200 орындық оңалту орталығының құрылысы аяқталуда. Оған қоса ауданда өткен жылы құрылысы басталған 50 орындық тірек-қимылы бұзылған мүгедектігі бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік орталығы салынып жатыр. Мердігер мекеме «KAZ Intel Group» ЖШС. Құрылыстың жалпы құны 3,2 млрд.теңгені құрайды. Орталықтың құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі.

Биыл облыс көлемінде «Аутизм орталығын» құру қаралып, бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Орталық күндізгі уақытта 3-18 жас аралығындағы аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді деп жоспарлануда. Жоспарға сәйкес жалға алынған ғимаратта құрылыс жөндеу жұмыстары аяқталған соң жыл соңына дейін жаңа орталық құрылмақ. Орталық заманауи құрал-жабдықтар мен озық үлгідегі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы аутизм және басқа да ментальді ауытқуы бар балаларға қызмет көрсететін болады.

Түркістан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, облыс көлемінде 236 727 зейнеткер тіркелген. Оның 11- і Ұлы Отан соғысының ардагері, 6 573-і тыл ардагері, 229,4 мыңы зейнеткерлер, қалған 62,8 мыңы көпбалалы батыр аналар. Сонымен қатар аға ұрпақты әлеуметтік қорғау мақсатында бейімдеу және сауықтыруға арналған «Мейір» ардагерлер үйі мен «Ардагерлер үйінде» жыл сайын 8 мыңға жуық қария денсаулығын түзеуге мүмкіндік алып келеді. Қазіргі таңда зейнеткерлерге лайықты әлеуметтік қолдау көрсету үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында замануи талаптарға сәйкестендірілген ғимарат салу көзделуде.

2023 жылдың екінші жартылдығынан бастап Түркістан облысы әкімдігінің қаулысымен облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» құрылып, облыстың 17 аудан, қаласында «Мансап орталықтары» іске қосылған. Келесі жылдан бастап Мансап орталықтарының ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылады. Түркістан облысында отбасын қолдауға, нығайтуға және қорғауға бағытталған «Отбасын қолдау секторлары» қызметі іске қосылған. Секторлар облыстың 10 аудан, қаласында ашылды. Бұл саладағы мәселелер облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауына алынған.

Аталған орталықтар Отырар, Жетісай, Сайрам, Сарыағаш, Сауран, Қазығұрт, Шардара, Келес аудандары мен Түркістан, Арыс қалаларында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жанынан ашылған. Онда аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған аналарға психологиялық қолдау, құқықтық көмек көрсетіледі. Оған қоса «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу» секторлары арқылы азаматтарға психологиялық сүйемелдеу, кеңес беру, бағдарлау қызметтері көрсетіліп келеді. Жыл басынан бері аталған бағытта 348 арнайы іс-шара ұйымдастырылып, жалпы саны 2 658 адам қызметтермен қамтылған. Оның ішінде 565 адам тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша жүгінген.

Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу секторлары арқылы анықталған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге үкіметтік емес ұйымдар қызмет көрсетеді. Бұл туралы Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, Әсия Темірбаева мәлімдеді. Басқарма басшысының сөзінше, Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға «Отбасын қолдау орталықтарында» бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұру мүмкіндігі беріледі.

– Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу бағытында жұмыс істейтін «Сенім-ай» Қоғамдық бірлестігі, «Жігерлі жүрек» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі 2017 жылдан бастап, басқарма тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде қызмет көрсетіп келеді. Бұл орталықтардың сыйымдылығы 50 адамға шақталған. 2024 жылдың 5 айында секторларда өмірлік қиын жағдайдағы 1 396 адамға оның ішінде аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған аналарға қызмет көрсетілген, – дейді басқарма басшысы.

Орталық некені және отбасыны сақтау, отбасылық жанжалдардың алдын алу шаралары бойынша қызмет көрсетеді. Сондай-ақ әйелдерге ақпараттық, заңгерлік, психологиялық қолдау, жұмысқа орналасуға, кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға көмек көрсету, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға жәрдемдесу, мемлекеттік қолдау шаралары мәселелері бойынша кеңестер беру шаралары ұсынылады.

Гендерлік зорлық-зомбылыққа ведомствоаралық ден қою бойынша Түркістан облысының тәжірибесі Қазақстанның басқа өңірлеріне де үлгі ретінде таратылуда. Бұл жүйе 2017 жылдан бастап Түркістан облысында пилоттық режимде енгізілген. Жыл басында осы мақсатты жүзеге асыру үшін семинарлар да ұйымдастырылған болатын. Семинарда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметін институттандырудың практикалық мәселелері талқыланды.

Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбілдің айтуынша, 2025 жылдың аяғына дейін өңірдегі барлық аудандарда Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды оңалтуға арналған «Отбасын қолдау» орталықтары ашылмақ. «Түркістан қаласында көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында «Қамқорлық» жанұя орталығы ашылған болатын. Былтыр орталық психологиялық қолдау, құқықтық жәрдем сынды жалпы 10 бағыт бойынша 2 568 адамға қызмет көрсеткен.

Одан бөлек, облыстың барлық аудандарында «Қамқорлық» секторлары ашылады. Сонымен қатар, облыста тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 210 адамға дағдарыс орталықтары әлеуметтік қызметтер көрсеткен. Қазіргі таңда, облыста 183 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Оның ішінде 17 мыңнан астамы «Алтын алқа» иегері, 43 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері саналы ұрпақ өсіріп жатыр. Өңірде 2023 жылы 54 498 сәби дүние есігін ашқан. Әрбір сәби үшін ең қауіпсіз орын – оның өз шаңырағы.

Түркістан өңірінде халықтың тығыздығына байланысты әлеуметтік жағдайы төмен көптеген ата-ана баланың материалдық жағдайын жақсартамын деген оймен өзге өңірлерде маусымдық жұмысқа барады. Осылайша бала тәрбиесі ата-ене мен мектептің мойнына жүктеледі. Өкінішке қарай, қоғамда осы санаттағы отбасы балаларына қатысты келеңсіз оқиғалар жиі кездеседі. Мемлекет балалардың құқығын қорғау, оларға жағдай жасау мәселесін басты назарда ұстап келеді. Биыл өңірде отбасы рөлін күшейтуге бағытталған түрлі жобалар іске асырылатын болады.

Айта кетсек, облыста «Қауіпсіз мектеп» жобасы негізінде барлық білім ұяларының аумақтарына арнайы қоршау орнатылған. Сондай-ақ, мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Осы жұмыстардың нәтижесінде балаларға қарсы жасалған қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір азайған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 29 рет