Аралау барысында қала аумағынан өтетін республикалық маңызы бар А-15 тас жолының бойына жүрігізіліп жатқан тазалық, ретке келтіру, абаттандыру жұмыстарының мән-жайын пысықтады. Атқарылып жатқан жұмыстар бойынша аудан басшысы Сарыағаш қаласының әкімі А.Ешанқұлға тиісті тапсырмалар берді. Салаға жауапты орынбасары Мұрат Байгабуловқа тазалық жұмысы барысын жіті бақылауды жүктеді.
Сарыағаш қаласын дамыту, көркейту және абаттандыру жоспарына сәйкес бүгінде қала аумағынан өтетін республикалық маңызы бар А-15 тас жол жиегіне бей-берекет өскен шөптерді ору, қоршау қадаларын ретке келтіру, қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Сарыағаш қаласының сыртқы келбетін ретке келтіру бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Жол бойына орнатылған заңсыз жарнамаларды алып тастау, билбордтарды сырлап, ретке келтіру жұмыстары да атқарылды. Жалпы тазалық жұмыстарына 5 арнайы техника, 50 жұмысшы жұмылдырылды.
Сондай-ақ, Сарыағаш ауданына қарасты Ақжар елді мекенінде жаңа балабақша ашылғанын да айта кетейік. «Балдаурен 2050» бөбекжай балабақшасының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов арнайы қатысты. Ауыл ақсақалдарымен бірге осындай игілікті істі қолға алып, бүлдіршіндеріміздің заман талабына сай балабақшада тәрбие алуына мүмкіндік жасаған жергілікті кәсіпкер, бөбекжайдың құрылтайшысы Римма Қожагелдиеваға алғысын білдірді. 195 орындық «Балдаурен 2050» бөбекжай балабақшасы ауылдың 23 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қабылдауды жоспарлап отыр. Бөбекжай заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтылған. Арнайы спорт, ән-әуез залдары және әдіскер, психолог, логопед, басқа да кабинеттері бар.
Айта кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық балалар үшін тең бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдануда. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту үшін 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың қадамдық жоспары әзірленген. Бүгінде Түркістан облысы балаларды мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтуда жоғары көрсеткішке қол жеткізген өңірлер қатарында.
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат