Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024 18:01

Түркістан: «Табиғатты қорғау – адамзаттың борышы» атты сенбілік ұйымдастырылды

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, экологиялық сана мен қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Табиғатты қорғау — адамзаттың борышы» атты сенбілік өтті.

Сенбілік Түркістан қаласының шағын саябағы мен Сауран қалашығындағы тарихи-мәдени орталықтың маңайында ұйымдастырылды. Қатысушылар қатарында облыстық жастар орталығының қызметкерлері, Сауран ауданының мамандары және еріктілер болды. Жастар мен еріктілер тобы аймақтың тазалығын сақтап, көгалдарды күтіп, қоқыстарды жинап, қоршаған ортаның көрікті әрі таза болуына үлестерін қосты. Бұл сенбілікке қатысушылар табиғатқа деген қамқорлықтың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, экологиялық мәдениетті насихаттауға бағытталған жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.

Жалпы, Түркістан облысында қалалардың, елдімекендердің тазалығына ерекше мән беріліп келеді. Қала, ауылдардың тазылығы, абаттандыру - облыс басшылығының жіті қадағалауында тұрған мәселелер екені белгілі. Мәселен, биылғы жылдың басында Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде абаттандыру, тазалық, көгалдандыру жұмыстары сараланып, мәселелер талқыланған болатын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы жұмыстарды дұрыс атқара алмай отырған аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына жұмысты күшейтуді тапсырған-ды.

– Тазалық, көгалдандыру, абаттандыру мәселесін тұрақты талқылап келе жатырмыз. Жүйелі мәселе бар. Әкімі қандай болса, ауданы сондай болады. Жаңа жоспар, мәселенің шешімін ұсыныңыздар. Әр аудан, қалада осы мәселелерге қатысты мобильді топтар құрылып, жұмыс күшейтілсін. Екіншіден, облыстағы мыңнан астам мектеп, ауруханалар, мәдениет, спорт мекемелерінің өкілдері өз аулаларына ағаш егіп, абаттандыруды, тазалықты бақылауда ұстасын. Заманауи тұқымбақ ашып, халықты ағаш егуге ынталандырған жөн, – деген болатын Дархан Сатыбалды.

Жиында Түркістан облысы әкімі аппаратының Ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұркен Аралбеков барлық аудан, қаланы зерделеу қорытындысымен таныстырды. Кемшіліктер бойынша мәліметтер аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына ұсынылып, жұмыстар бақылауға алынды. Айта кетейік, облыс әкімі аудан, қаланы, ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру, жол бойындағы үйлердің қасбеттерін және қоршауларын ретке келтіру бойынша тапсырма берген болатын. Аталған тапсырмаларды уақытында орындамай кемшіліктерге жол берген осы салаларға жауапты тұлғаларына тәртіптік шара көру бойынша ұсыныс беріліп, жалпы 93 шара көрілген. Абаттандыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасады.

– Әкімі қандай болса, көшесі сондай болады. Бірнеше рет бұл мәселе бойынша тапсырма берілді. Бірнеше аудан, қалада ғана сәл нәтиже, қозғалыс бар. Қалғандары әлі де немқұрайлы қарап отыр. Біз тазалық пен абаттандыру бойынша жұмысты жыл бойы талап ете береміз. Егер оны орындай алмайтындар болса, басқа шара қолданамыз. Барлық аудан, қалада тазалыққа жауапты коммуналдық мекеме болуы тиіс. Мұндай мекемесі жоқтары басынан жасақтасын. Білім, денсаулық, мәдениет, спорт және өзге де мекемелер өздері орналасқан аумақтың тазалығына, көгалдандырылуына жауапкершілікпен қарасын. Әр ауданды сектор, көшеге бөліп, тазалық жұмыстарын жалғастырыңыздар. Тазалық шараларына тұрғындар да атсалысуы тиіс. Бұл – бәрімізге ортақ жұмыс. Іс-шараларды, жұмыс барысын жүйелеңіздер, – деген Дархан Сатыбалды тазалық жұмыстары төмен деңгейде жүргізіліп жатқан бірнеше аудан, қала әкімінің уәждерін тыңдап, сын-ескертпе айтты. Тапсырмалар берді.

Бүгінгі таңда орман қоры алқаптарына кешенді жоспарға сәйкес 2021-2023 жылдары 51,5 мың гектар жерге, 78,2 млн дана көшет егілді. Оның ішінде 2023 жылғы 20300 гектар жерге 32 214 мың дана ағаш көшеттерін егу жоспары толығымен атқарылды.«Жасыл белдеу» құру жобасына тоқталсақ. Бүгінде «Жасыл аймақ» КММ-мен Түркістан қаласы айналасынан 28 358 гектар орман қоры жері санатына өткізіліп, оның 19020,0 гектар аумағына мәдени орман екпелері отырғызылды. Қазіргі таңда жоспарлы межені 42,0 мың гектарға жеткізу қолға алынып отыр.

Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандыру саласы бойынша да жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Облыс әкімінің бастамасымен «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Аталған іс-шара аясында өңірдегі 852 елді мекеннің шамамен 90%-ын көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егілді. Өткен жылы аудан, қала әкімдіктеріне жалпы 1 миллионнан астам көшет егілді. Оның ішінде 101 573 дана гүлді ағаш егілген болатын. Ал 2024 жылдың соңына дейін аудан, қала әкімдіктеріне аумақтарды гүлдендіру мақсатында 50 мың дана, 2025 жылы 150 мың дана раушан гүлінің көшеттері егілмек.

Осы тұста өсімдіктер дүниесі туралы мәселелерді де айта кетсек. Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасы тарапынан әзірленетін электронды дендрологиялық жоспарға ағаш-бұталардың мәліметі енгізілетін болады. Қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі де назардан тыс қалған емес. Облыс аумағында тұрғындар санының артуына байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемінің артып келе жатқаны жасырын емес. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі 23%-ға жоспарланып, толық орындалған. Ал биыл меже 26%-ға жоспарланып отыр.Мемлекет басшысының осы салаға қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында 2024-2026 жылы қалаларды көгалдандыру және абаттандыру бойынша жол картасы бекітілген. Жол картасын және облыс әкімінің тапсырмаларын орындау бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған.

2024 жылы наурыз айынан бастап тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылды. Аталған сенбіліктерге жергілікті әкімдіктер, барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлік ұйымдар, белсенділер мен еріктілер қатысып, бекітілген аумақтарда тазалық және ағаш көшеттерін егу жұмыстары жүргізілді. 1152 көшенің бойы, 265 шақырым аяқжолдары тазаланды. 275 саябақтар және скверлер, 192 балалар және спорт алаңшалары ретке келтірілді. 95 шақырым көпірлер, өзендер, каналдар мен бұлақтардың арналары тазаланды, 897 көпқабатты тұрғын үй маңындағы аумақтар мен аулалар, жертөлелер, кіреберістері жиналды. Елді мекендерде абаттандыру нысандарын және санитария жағдайын қалыпты деңгейде ұстау мақсатында мобильді топтар құрылып, топ құрамында аудан, қала және ауыл округтерінің қызметкерлері, белсенді азаматтар, қоғамдық жұмысшылар тартылған. Мобильді топтың аралау кестесі бекітіліп, қажетті құрал-сайманмен қамтылған. Тазалықты сақтау жөнінде ақпараттық және насихат жұмыстары әлі де жүріп жатыр.

Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидалары мен инфрақұрылым нысандарын бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдірудің алдын алу мақсатында әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарына сәйкес шаралар қолданылған. Атап айтқанда, биыл облыс аумағында жоғарыда аталған мәселелерге байланысты заң бұзып, тазалыққа, инфрақұрылымға нұқсан келтірген жүздеген тұрғынға айыппұл салынған.

Қоршаған ортаны таза ұстау, табиғаттың көркем бейнесін жоғалтпау – адамзатқа ортақ іс. Сондай-ақ, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жазда сая, қыста қамсау болады. Табиғат ананың көркі кіреді. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді.Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажетті нәрі, жер бетіне көрік берген сәні. Табиғат, Жер-ана, Атамекен, Туған жер, ауылым, деген бір-бірімен тамырлас әрі тағдырлас. Туған жердің барлық табиғи қадір қасиеті тұла бойға тарайды. 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 26 рет