Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024 08:01

Түркістан облысында 48 отбасы баспаналы болды

Түркістан облысы, Созақ ауданында әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға арналып салынған жаңа баспаналардың құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Созақтық 48 отбасы жаңа баспаналарының кілттерін алды. Игі шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

– Биыл облыс көлемінде әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтардың өмір сапасын жақсарту үшін бірқатар маңызды шаралар атқарылды. Бұл жұмыстар облыс басшысы Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында тұр. Жеке инвесторлармен бірлесіп, тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ел игілігіне ұсынылған әр баспана аудан тұрғындарына жайлы әрі заманауи қолайлы орта сыйлайды, – деген облыс әкімінің орынбасары тұрғындардың сапалы әрі жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған жаңа баспаналар аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға қосылған үлкен үлес екенін де тілге тиек етті. Жаңа баспаналардың қасбеті біркелкі әрленіп, аулалар темір қоршаумен қоршалған. Су және жылу жүйелері толық орнатылған. Тұрғын үйлерде тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Әр пәтердің жалпы алаңы 71,1 шаршы метрді құрайды.

Сондай-ақ, Түркістан облысы, Төлеби ауданында жеке кәсіпкер жалғыз басты анаға 4 бөлмелі баспана сыйлады. Демеушілік есебінен салынған тұрғын үй қажетті сантехникамен жабдықталып, сыртқы қоршауы тұрғызылған. Тұрғын үй заманауи үлгіде толық әрленген.Баспаналы болған отбасының қуанышын бөлісуге аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров барып, демеушілік жасаған азаматқа алғысын жеткізді. Мектеп жасындағы ұлына планшет сыйға тартты.

Жалпы, биыл облыс көлемінде 114 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланған. Оның ішінде, 41 үй, 2820 пәтердің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде. Ал 73 үй, 3611 пәтер жеке инвесторлар есебінен үйлестірілуде. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевтің айтуынша, өткен жылы, өңір бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалану жоспарланып, жыл қорытындысымен жоспар 104,1% өсіммен орындалды. Бүгінде 898,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс бойынша 2023 жылы көпқабатты 87 үй пайдалануға қабылданды. Оның ішінде, мемлекеттік бюджет есебінен 57 үй, 3051 пәтер болса, ал жеке салушылар есебінен 30 үй, 300 пәтер тапсырылған. Бүгінгі таңда, 1890 пәтер «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй кезегіндегі тұрған азаматтарға кредиттік жүйемен табысталды. Жетісай қаласында 60 пәтер кезектегі осал топтағы азаматтарға берілді. 2023 жылы басқарма тарапынан жалпы көпқабатты 50 үй тапсырылды. Аудан, қала әкімдіктері тарапынан жалпы ауданы 18,7 мың шаршы метрді құрайтын 7 көпқабатты тұрғын үй (297 пәтер) пайдалануға берілді.

Түркістан қаласында өткен жылы 4 тұрғын үй пайдалануға берілді. Атап айтсақ, 12 қабатты 2 үй, 7 қабатты 2 үй. Аталған 4 тұрғын үйде барлығы 237 пәтер бар. Оның ішінде ипотекамен берілетін 201 пәтер «Отбасы банк» АҚ арқылы конкурс өткізіліп нәтижесінде, 76 пәтердің иелері анықталған. Ал қалған 125 пәтер сатылымға шығарылды. 36 пәтер кезекте тұрған отбасыларға берілетін болады.  2023 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» ММ-нің тұрғын үй құрылысы нысандарының кемшіліктері негізінде 14 мердігерге шара көру бойынша Түркістан облысының Бақылау жөніндегі басқармасына хат жолданған. Нәтижесінде, басқарма тарапынан мердігерлерге 11 716 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Облыс әкімі тұрғын үйлердің құрлысы туралы соңғы мәліметтермен танысып, жауапты басшыларға құрлысты белгіленген кестеге сәйкес, сапалы аяқтауды тапсырған.

Пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 2 есеге көбейіп, 864 мың шаршы метрге жетті. 6 жылда Түркістан облысында 4500-ге жуық отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алды. Жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен (50%) 2000-нан астам отбасы қамтылды. 221 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізілді.

Облыс орталығына айналған Түркістанда 6 жыл ішінде заманауи нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Облыс орталығында ғана емес, аудан-қалаларда да осы бағытта жұмыстар қолға алынып, Түркістанмен бірге дамыту көзделген. Түркістан облысында 6 жылда тұрғын үй саласы бойынша құрылыс қарқыны артқаны белгілі. Алайда өзекті мәселелер де аз емес. Үйлерді уақтылы тапсырмау, абаттандыру жұмыстарын талапқа сай жүргізбеу және өзге де түйткілдері бар.

Түркістанда тұрғын үй саласына инвестиция көзі күшейді. Себебі өңірде тұрғын үй саласына инвестиция салуға қызығушылық білдіргендер саны артып отыр. Жақын уақытта заманауи кешендер көбеймек. Түркістанның тұрғын үй нарығына кіруді жоспарлаған «BI Group» холдингі облыс орталығында заманауи тұрғын үй кешендерін салуды көздеп отыр. Сонымен қатар, дайын баспаналардың несиелік және мемлекеттік бағдарламалармен берілуі қарастылады. Инвестиция аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «BI Group» холдингінің өкілдерімен кездесіп, бірқатар жобалармен танысты. Қажетті өзгертулер енгізіп, салынған үйлердің сапасына мән беруді басты назарда ұстауды міндеттеді.

Еуропалық брендтермен тығыз жұмыс істейтінін айтқан компания өкілдері инфрақұрылымға басты аса мән беріп,  құрылыста ең сапалы құрылыс материалдары пайдаланатынын айта кетті. Сондай-ақ, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қолдауымен бірлесіп жобаны іске асыру мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар жаңа баспаналар қаладағы әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтеретін болады.  Облыс әкімі Дархан Сатыбалды инфрақұрылымға баса мән беру керек екендігін айтып, басты талап сапаға мән беру маңыздылығын алға тартты.

Сонымен қатар Түркістан облысына қарасты Кентау қаласында  376 көпқабатты тұрғын үй бар. Жалпы 2014 жылы 9 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары күрделі жөндеуден өтсе, 2017 жылы 35 көпқабатты тұрғын үй, 2019 жылы ҚР «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» тұрғын үй қорын жаңғырту тетігі бойынша 44 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жоспарланған 132 көпқабатты тұрғын үйде күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілген.

Сондай-ақ, Түркістанда тұрғын үй алу үшін алғашқы жарна 10%-ға төмендеді. Жаңа тұжырымдама бұрынғы «Нұрлы жер» бағдарламасының орнына қолданылады. Басты ерекшеліктері - бастапқы жарна «Нұрлы жер» бағдарламасында 20%-ды құраса, ал жаңа тұжырымдама бойынша 10%. Сондай-ақ, табыс көзіне шектеу жоқ. Ең бастысы, соңғы 6 айда үзілмеген табыс көзі болуы қажет. Одан бөлек, үй кезегінде тұрған азаматтарға 5%-бен рәсімделеді. Ал егер үй кезегіндегі азамат белгілі әлеуметтік санатқа сәйкес келсе несиені 2%-бен рәсімдей алады. Талап - отбасы мүшелерінде соңғы 5 жылда ел аумағы бойынша жылжымайтын мүлік болмауы керек. Өтінім жіберу www.otbasybank.кz сайты арқылы жүргізіледі.

Түркістан облысында соңғы жылдары көпқабатты тұрғын үйлер салу қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңадан салынып жатқан құрылыс жұмыстарын үнемі өзі барып тексеріп, салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайымен танысып, тиісті тапсырмалар беріп отырады. Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 5,7,9,12 жəне 20 қабатты 60 тұрғын үй салу (5 қабатты тұрғын үйлер) жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын «ЕвроРемонтСервис» ЖШС, «Жаңа арна құрылыс» ЖШС, «Symkent Build» ЖШС, «PANA QURYLYS GROUP» ЖШС, «OTAU GROUP» ЖШС жүргізіп жатыр.

Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталықта салынып жатқан 9 қабатты 7 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары қарқынды. Тұрғын үйлердің монолит бетон құю, қабырғаларын қалау, терезе орнату, электр, су, кәріз жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілген. Нысан басында 360 жұмысшы, 16 техника жұмыс атқаруда. Тұрғын үйлердің инфрақұрылымының жобасы әзірленіп, сараптамасы алынған. Қаржыландыруға республикалық бюджетті нақтылауға 700 млн теңге ұсынылды. Жалпы жобалар құны 4,4 млрд теңге. Тұрғын үй құрылысы биыл желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған. Пәтерлердің жалпы ауданы 70 мың шаршы метрге жуық.Пәтер саны 1062, оның ішінде 2 бөлмелі 536 пәтер және 3 бөлмелі 472 пәтер бар. Облыс басшысы сондай-ақ 5 қабатты 20 тұрғын үй кешеніне барып, құрылысты аралап көрді. Мердігерлермен жүздесіп, жеке-жеке тапсырма берді. «Отырар» шағынауданында көппәтерлі кешенде бірнеше мердігер мекеме бар.

Республика бойынша тұрғын үй кезегінде 650 мыңға жуық азамат тіркелсе, оның 65 мыңнан астамы Түркістан облысының азаматтары. Бұл елдегі ең үлкен көрсеткіш. Баспана кезегінде тұрғандардың басым бөлігі көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топтағылар. Биыл тұрғындарды баспанамен қамту үшін 2 469 пәтер сатып алуға республикалық және облыс қазынасынан 44,8 млрд. теңге бөлінген.

Оның ішінде «Тұрғын үй-моммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 500-ден астам пәтер сатып алуға қаражат бағытталады. Пәтерлер аудан, қалаларда кезекте тұрғандар санына теңдей бөлінуде. Бағдарлама бойынша тұрғын үйдің 1 шаршы метрін сатып алу құны 300 мың теңгеден асады. Таяуда ғана Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте халықты баспанамен қамту, арендалық тұрғын үй сатып алу туралы жан-жақты талқыланды. Бұл бағыттардағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев баяндады.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласындағы 20 көпқабатты тұрғын үйден 1628 пәтер сатып алынған. Аудан, қалалардан 1000-ға жуық баспана сатып алынады. Тағы 2469 пәтер республикалық қазынадан бөлінген қаражатқа сатып алу көзделген. Аудан, қала тарапынан 3037 пәтердің құрылысы жүріп жатыр.Салынып жатқан үйлердің сапасы қатаң бақылауда. Облыс басшылығы тарапынан құрылыс алаңдарын аралау барысында жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасына баса мән беріп, жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды.

– Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, ауыл, қала тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстарын ширату керек. Құрылыс сапасын басты назарда ұстаңыздар. Әсіресе, республикалық, облыстық маңызы бар жолдардың бойына инфрақұрылымды жетілдіріп, көпқабатты үйлер салған жөн. Сыртқы көріністері де бір үлгіде жасақталғаны жөн, – деді Дархан Сатыбалды. Бекітілген ережеге сәйкес, тұрғын үй құрылысына бөлінетін жер учаскелері аукцион арқылы тұрғын үй мақсатында бөлінеді. Құрылысшы тиісті құжаттар әзірлеп, тұрғын үйді салады. Дайын үйлерді әкімдік мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы сатып алып, кезекте тұрған азаматтарға ұсынады.

Сондай-ақ, осы жиында кіші жедел басқару орталығының жобасы таныстырылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен шарада Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, цифрландыру басқармасының басшы құрамы мен әкім орынбасарлары, басқарма басшылары қатысты. Жаңа жобаны «Алтау смарт» ЖШС-нің коммерциялық директоры Исатай Жүнісов таныстырып өтті.

Жиын барысында цифрландыру, қауіпсіздік үшін қажетті соңғы үлгідегі цифрлық құрал-жабдықтармен жабдықтау мәселелері қаралды. Сонымен қатар аудандарға кіші жедел басқару орталығын құру бойынша ұсыныстар көтерілді. Шара соңында облыс әкімі құрылым басшыларына тапсырмалар жүктеп, жаңа жобаны зерделеуді жүктеді. Сондай-ақ тұрғындар қауіпсіздігін сақтау, қорғау бағытындағы бастамаларды қолдайтындығын айтты.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 30 рет