Бұл елді мекендегі тұрғын үйлерге газ құбыры мен орамішілік газ тарту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізіліп,«ҚазТрансГазАймақ» АҚ мекемесіне атқарушы техникалық құжаттары толық жинақталған. Бүгінде мердігер мекеме «Аша-А» ЖШС-і тарапынан 2 тұрғын үй көгілдір отынмен қамтылды. Алдағы уақытта, елді мекеннің қалған тұрғын үйлерін табиғи газға қосу жұмыстары жалғасатын болады.
Айта кетсек, ауданға қарасты елді мекендерді ауыз сумен, табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Ауданға қарасты 63 елді мекеннің ішінде 49 елді мекен көгілдір отынмен қамтылған. Қазіргі таңда 4 елді мекенді: Жылға, Шеңгелді, 51 разъезд, Ердәуітті газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 5 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, республикалық бюджетке ұсынылып, тағы 5 елді мекенді табиғи газбен қамту мақсатында Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Сондай-ақ биылғы жылы ауданға қарасты 4 елді мекен атап айтқанда: Шайхана, Дербісек, Береке, Құрамада ауыз су құбырларына құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Бүгінде Жылға,Жонарық, Құркелес елді мекендерінің ауыз су құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қаралып, құрылысы 2024 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар облыстық және республикалық бюджеттерден 8 елді мекенге олар: Ж Достық е/м, Құркелес а/о Алғабас, Ақниет елді мекендері және Жібек жолы а/о Жібек жолы, Қарабау, Сарқырама, Зортөбе, Жаңақұрылысты таза ауыз сумен қамту жұмыстарына қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Тиісті жұмыстарды жүргізу есебінен екі жылда 144 мың халық тұратын 54 елді мекен газбен қамтылды. Бұдан бөлек, биыл 54 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 47 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде «көгілдір отынмен» қамтылған елді мекендер саны 557-ге жетіп, қамту деңгейі 67,2 пайызды құрайды. 2018 жылдан бері республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен 5 аудандағы 800 мың халықты сапалы электр қуатымен қамтитын «Қызыләскер» қосалқы станциясының құрылысы жүргізіліп, аяқталған. Сонымен қатар, осы қосалқы станциядан қуат алатын 110 киловольттық, 91 шақырым электр желісінің құрылысы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда.
Түркістан облысында былтыр 111 мыңнан астам халық газбен қамтылды. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. Яғни газбен қамтылған әрбір 3-ші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Одан бөлек, соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған нысандарды қосу бойынша жұмыстар қарқын алды. Халық санымен есептегенде, 1 млн 650 мыңға жуық халық не облыс тұрғындарының 77,8 пайызы табиғи газбен қамтылған. Биыл газдандыру жұмыстарына 10,1 млрд теңге қаржы бөлінген. 71 нысан құрылысы жүргізіледі.Жалпы Түркістан облысында 1,5 миллионнан астам халық табиғи газбен қамтылған. Яғни өңірдегі 833 елді мекеннің 465-і көгілдір отынға қосылған. Алдағы 3 жылда 200 елді мекенді табиғи газға қосып, облысты газбен қамту деңгейін 87%-ға жеткізу көзделіп отыр.
Сондай-ақ, биыл көктемде облыс әкім Дархан Сатыбалды «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовпен кездескені белгілі. Сол кездесуде облыс әкімі «2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында қазіргі уақытта газға қатысты бірнеше қордаланған өзекті мәселе бар. Әсіресе құрылыс жұмыстары аяқталған нысандарды газға қосуға «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ТӨФ қаражат сұрауда. Нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасында газ толтыруға қаржы қарастырылмайды. Өздеріңізбен бірлескен түрде шешуді көздеп отырмыз. Оң шешімінің табылғаны облыстың әлеуметтік экономикалық дамуына әсерін тигізеді», – деген болатын. Кездесу барысында Түркістан облысында газбен қамтамасыз ету мәселелері бойынша Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Руслан Мұздыбеков баяндама жасады. Кездесу барысында «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов облыс әкімдігінің қаулысымен республикалық меншікке берілген 2008-2020 жылдары құрылысы жүргізіліп, пайдалануға тапсырылған 267 нысанның бүгінгі жай-күйімен таныс екенін, осы нысандарды «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ теңгеріміне қабылдауға ықпал жасайтынын жеткізді.
Биыл жазда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалы өкілдері Түркістан облысында биыл 76 елдімекен табиғи газға қосылады деп мәлімдеді. Сондай-ақ, брифингте өңірді газбен қамту жұмыстары мен қауіпсіздік шаралары жайлы айтылды. - Түркістан облысы бойынша 833 елді мекен бар. Оның 470-і газдандырылған, бұл 56%-ды құрайды. Қазіргі таңда Түркістан облысында 29 газ тарату станциясы бар болса, оның 9-ы биылғы жылы қайта жаңғыртудан өтті. Жылдың басынан бері 19 елді мекен газ желісіне қосылды. Жыл соңына дейін тағы 57 елді мекенді газ желісіне қосу жоспарлануда. Сонда жалпы биыл 76 елді мекен газға қосылады -деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының бөлім басшысы Ғани Бақытжанұлы.
– Аудан, қалаларда халықпен кездесулерде ел инфрақұрылым, соның ішінде газ мәселесін жиі қозғайды. Кейбір жобалар қаржы бөлінсе де, сапасыз орындалған немесе соңына дейін жүзеге аспаған. Мәселені жасыру емес, шешу жолдарын қарастыру керек. Егер газ жүргізуге жауапты мердігер жұмысын келісімшартқа сәйкес атқармаса, заң органдарына ұсынылсын. Бұл түйткілді өзім тікелей бақылауыма аламын. Жұмыс уақтылы атқарылмаған соң қаржыландыру да қиынға соғады. Ондай мысалдар бар. Аймақты газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Газ кіргізу жұмыстарын мейілінше жылдамдату қажет. Әйтпесе, алдағы жылыту маусымына үлгермей қалуы мүмкін. Газды үйлерге кіргізу, құжаттарын реттеу да уақытты алады. Биыл жоспарланған жұмыстар жедел атқарылып, елді мекендерге газ берілсін. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширатыңыздар. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет, – дейді Дархан Сатыбалды. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша, облыс табиғи газды 2018 жылға дейін «Газли-Шымкент» магистралды газ құбырынан тұтынған. 2018 жылдан бастап отандық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан газ алуда.
Ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба республика бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әлемдік энергетикада көгілдір отынның маңызы айрықша. Кез келген мемлекеттің де экономикасында стратегиялық мәнге ие. Табиғи газ анағұрлым экологиялық таза отын, оның үстіне өнеркәсіпте құнды шикізат саналады. Сол үшін ол бизнеске де, тұрғындарға да қажет. Әлемдік экономикадағы газға деген зор сұраныс осымен байланысты. Ал оны пайдалану – қай елдің болсын даму деңгейінің көрсеткіші.
Түптеп келгенде көгілдір отынның жүргізілуі елді мекеннің еңсесін тіктейтіні сөзсіз. Бұл күнді шалғайдағы ауыл халқы тағатсыздана күтіп жүр. Газдың келуі халықты пеш жағу тауқыметінен арылтып қана қоймасы анық. Экологиялық ахуалдың жақсаратынын айтпағанның өзінде, ол аймақ экономикасының қарқынды дамуына пәрмен берері сөзсіз. Әлбетте, мыңдаған шақырымнан құбыр тарту оңай болмасы анық. Бюджеттен бөлінетін қыруар қаржының арқасында келген газдың игілігінен құр қалмай, әр тұрғынның үйінде көгілдір отынның жанғаны екі жақты тиімді. Көгілдір отын – ел өміріне береке, табыс, шуақ алып келеді. Елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайына да үлкен серпін береді. Газ Ұлы Даланың қуаты, сондай-ақ ол мемлекеттік ауқымдағы бірқатар міндеттерді шешуге мүмкіндік туғызады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат