Дүйсенбі, 09 Желтоқсан 2024 15:21

Түркістан: Сарыағашта «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 2 мектептің құрылысы қарқынды

Түркістан облысында мектеп тапшылығы мәселесін шешу мақсатында биыл 50 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынуда. Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданында бой көтеріп жатқан жайлы мектептердің жай-күйімен танысты. Жауапты басшыларға, мердігерге нақты тапсырмалар берді.

– «Жайлы мектеп» жобасы – Президентіміздің тікелей қолдауымен және тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Жұмысты жауапкершілікпен атқарыңыздар. Құрылыс материалдары, оқу құралдары, парталар мен жиһаздары түгел талапқа сай болуы тиіс. Жергілікті өндірушілердің өнімдері қолданылуы қажет. Жұмысты жылдамдатыңыздар, – деген Дархан Сатыбалды бірқатар түйткіл бойынша сын-ескертпелерін айтты. Олар бақылауға алынады.

Сарыағаш қаласы, «Телемұнара» шағынауданында салынып жатқан жайлы мектептің құрылысы биыл сәуірде басталған. Оның конкурстық құны – 5,1 млрд теңге. Мердігер – «АРТ-Құрылыс» ЖШС. Бүгінде 900 орындық жайлы мектептің құрылыс алаңында 45 адам жұмыс істеп жатыр. Қазір нысанның шатырын жабу жұмыстары атқарылуда. Ғимараттың ішкі сылақ жұмыстары аяқталып, әрлеу жұмыстары басталған. Ішкі электр, жылу, ауыз су, ішкі желдету жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Еденнің бетон құю жұмыстары аяқталған. Нысанның 1, 2, 3 қабаттарының терезелері орнатылған.

Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылдық округіндегі 900 орындық мектептің де құрылысын қадағалады. «Жайлы мектеп» жобасы арқылы бой көтерген білім ұясының құрылыс нысанында 155 адам жұмыс істеуде. Бүгінде нысанның ішкі әрлеу, сантехникалық және электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Нысанның 1-ші қабатының сыныптарына жарықшамдары орнатылуда, сыртқы фасад, ішкі бояу, едендеріне линолиум төсеу, сыртқы қоршауын орнату жұмыстары қарқынды. Мектептің шатырын жабу жұмыстары толығымен аяқталып, сыртқы абаттандыру жұмыстары атқарылуда. Балалар ойын алаңшасы салынуда. Нысанды осы жылдың соңына тапсыру жоспарланып отыр.

Облыс әкімі бұл ғимаратты да аралап көріп, мердігермен пікір алмасты. Жауаптыларға анықталған кемшіліктерді реттеу, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу, нысанды уақтылы тапсыру жөнінде тапсырма берді. Жергілікті әкімдік пен басқарма басшыларына инфрақұрылымға қатысты мәселелер туындамауы керек екенін ескерттті. Мектептердің құрылысы қатаң бақылауда болады.

Сарыағаш ауданына сапары барысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды кеден бекеттерінің жай-күйімен де танысты. Жалпы, Қазақстанның Өзбекстанмен арадағы жүк тасымалы алдағы жылы 3 есе артады деген болжам бар. Екі ел шекарасындағы «Қапланбек» кеден бекеті келер жылы қайта ашылады. Нысан қазір күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы кеден бекеттерінің жөндеу жұмыстарымен танысты.

Түркістан облысы аумағындағы «Қапланбек» өткізу бекеті негізінен тауар тасымалына арналған. Ондағы жөндеу жұмыстары 2 жыл бұрын басталған еді. Құрылыс Өзбекстан тарапында да жүріп жатыр. Құрылысы аяқталған соң бұл жермен тауар тасымалы 3 есе артуы тиіс. Ал жаяу жүргіншілердің дені «Жібек жолы» бекетіне бағыт алады.Одан бөлек «Атамекен» және «Қазығұрт» шекаралық өткелдеріндегі қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Ал «Жібек-Жолы» бекетін реконструкциялау 2025 жылға жоспарланған.

Қазақ - өзбек шекарасындағы ірі өткізу бекеттерін жөндеу туралы шешім екі ел Президенттерінің тапсырмасымен қабылданды. Осыған сай арнайы жұмыс тобы құрылған. Реконструкциялау жобаларын қос тарап бірлесе атқарып жатыр. Негізінен жеке тұлғалар жүретін «Жібек-Жолы» пунктінен былтыр 9 миллиондай жолаушы өткен. Жөндеу жұмыстарынан кейін бұл бекеттердің өткізу қабілеті едәуір ұлғаяды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 7 рет