Дүйсенбі, 07 Сәуір 2025 15:47

ТҮРКІСТАН: АЙМАҚТАРДА ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ ДӘРІЛЕУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Келес ауданында жедел штаб отырысын өткізіп, шегірткеге қарсы химиялық өңдеу бойынша жауаптылардың есебін тыңдады.

Қазіргі таңда дернәсілдер оянып, белсенділігі артты. Мамандардың мәлімдеуінше зиянкестермен күреске Арыс қаласы бойынша Қожатоғай, Ақдала, Монтайтас, Дермене ауыл округтеріне 22 жұмысшы топ, Сарыағаш ауданы бойынша Әлімтау, Дарбаза, Жылға, Тегісшіл, Қызылжар, Дербісек, Жібек жолы, Ақжар ауыл округтеріне 15 жұмысшы топ, Келес ауданы бойынша Бірлік, Жамбыл, Бозай, Ошақты, Ақтөбе, Біртілек, Қошқарата ауыл аймақтарына 17 жұмысшы топ жұмылдырылуда.

Соңғы мәліметтер бойынша дернәсілдер анықталған аймақтар бойынша Арыста – 46, Келесте – 26, Сарыағашта 13 техника алқаптарды дәрілеуге қатысуда. Нұрбол Тұрашбеков бекітілген тізімге сәйкес анықтаушылардың жұмысқа толық қатысуын қадағалауды тапсырды. Бекітілген басқармалар тарапынан қосымша аспалы бүріккіштер жеткізілген. Жаңа ошақтарды анықтайтын зерделеушілердің қатарын көбейту керектігі де ескертілді.

– Ошақтарды анықтауға күш салыңыздар. Аймақтарды дәрілеу тоқтаусыз жүргізілуі тиіс. Сіздерден жедел әрі шұғыл әрекет талап етіледі. Жұмыс барысында туындаған қандай да мәселені сол мезетте хабарлаңыздар, 24/7 байланыстамын. Жұмысшы топтарға бекітілген аймақтарды күнделікті өзім аралап тексеремін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 21 рет