Бүгінде аталған игілікті іс жалпыхалықтық шараға ұласып, аудан тұрғындары «Жасыл аула» акциясы аясындағы тазалық жұмыстарына атсалысуда. Шара барысында көше бойлары, арық-атыздарды күл-қоқыстардан тазартып, сырлап-әктеу жұмыстарын жүргізді. Аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғаларын әктеп, жол бойындағы қоқыс қалдықтарын жинады. Сондай-ақ, саябақтарда көшет отырғызу жұмыстары жүргізіліп, талдар суғарылды.
Тазалық шарасының тәрбиелік мәнін өскелең ұрпаққа жеткізуді мұрат еткен ардақты әжелер тұрғын үйлерінің ауласына көшет егу, оны күтіп ұстау жұмыстарын немерелеріне насихаттап отыруды естен шығарған емес. Мәселен аудандағы қоғамдық жұмыстардан қол үзбейтін Қалдан Байжұман немерелерін үнемі ауланы таза ұстап, жасыл желекті баптауға үйретіп, табиғатқа жанашырлықпен қараудың мәнін ұғындырып келеді. Ардақты жан «Барлық ата-ана тәрбиені тазалықтан бастау керек. Тазалыққа, табиғатқа жаны жақын ұрпақ – жүрегі таза, адал, мейірімді болып өседі»,-дейді.
Жалпы ауданда іс-шара жоспарына сәйкес орталық көше бойындағы ағаш талдардың ретсіз өскен бұталарын ретке келтіру, көшет отырғызу, гүл егу, саябақтарды күтіп ұстау жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бұл бағытта биыл аудан аумағында «жасыл белдеу» құру, елді мекендерді көгалдандыру бағытында 55 мыңға жуық түп ағаш отырғызу көзделуде. Оның ішінде, көктем мезгілінде тең жартысы, яғни 27500 мың түп және күз мезгілінде қалған 27500 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Ағаш көшеттерін отырғызу науқаны сәуір айының екінші онкүндігіне дейін жалғасады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат