Алғашқы кезекте аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сиқымбаева баяндама жасады. Бөлім басшысы баяндамасында аудан бюджетінің жыл басынан бүгінгі күнге дейінгі ахуалы, кірістер және шығыстар бөлігінің орындалуы, игерілмеген қаржыларды келесі айларға жылжыту жоспары, мемлекеттік сатып алу бойынша 2025 жылға қаралған қаржылар бойынша лоттардың жариялануы жайларын нақты сандармен слайд арқылы көрсетті. Өткен жылғы осы мерзімге қарағанда биыл бюджет түсімі артып, өсім 131,8% құрап, 478,5 млн.теңгеге артық болғанын атады.
Ауданның өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, өндеу, инвестиция, сауда, құрылыс саласындағы әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштеріне, сонымен қатар, ауыл шаруашылық саласына, туризмге тартылған инвестиция көлемінің өсу қарқыны, облыс әкімінің хаттамалық тапсырмалардың сапалы орындалу жағдайына тоқталды.
Келесі болып, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаков сөз кезегін алып, аудандағы «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар барысын баян етті. Арман Искаков жалпы ауданда аталмыш экоакцияға 01 ақпан – 08 сәуір аралығында 9 000 ға жуық адам қатысып, 44-ке жуық техника тартылғанын, 119 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, «Темірлан Абаттандыру» КММ тарапынан Аббасов, Қажымұқан көшелерінің бойларына 75 000 дана маусымдық гүлдер мен 6000 дана көп жылдық раушан гүлдері отырғызылғанын, ауылдық аймақтарда және аудан орталығында жалпы 17 860 дана ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді.
Аудан басшысы күн тәртібіндегі мәселелерді жеке-жеке талдап, осы бағыттағы жұмыстарды жоғары деңгейде жүргізу қажеттігін баса айтып өтті. Тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат