Аудан басшысы құттықтау сөзінде: «Еліміздің әлеуметтік саясатының ең маңызды бағыттарының бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда ауданда халықтың баспана мәселесін шешу үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Шаңырақтарыңыз берекелі әрі шаттыққа толы болсын!»,-деген тілегін жеткізсе, аудандық мәслихат төрағасы «Жаңа баспананың іші жанға, сырты малға толсын. Қоныс той құтты болып, әр шаңыраққа құт-береке әкелсін!»,-деген ақжарма көңілін білдірді.
Мыңшұңқыр ауылында өткен салтанатты шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бектібай Арзықұлов пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Дайрабаев және ауыл қариясы Өмірбек Тұрымбетов азаматтарды қоныс тойымен құттықтап, ақ баталарын берді.
Жалпы Отырар ауданы бойынша тұрғын үй кезегіне тіркелген 2491 азамат бар. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы Қоғам ауылы, Мыңшұңқыр елді мекенінде 4 қабатты 32 пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ел игілігіне берілді. Бұдан бөлек Шәуілдір ауылындағы Жаңа тұрғын үй алабынан жеке инвесторлар есебінен 2 пәтерлі 9 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Аталған тұрғын үйлердің құрылысы толық аяқталып, тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға үлестірілді.
Бұл бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасын тауып, 4 қабатты 32 пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылысы басталған. Бұл нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат