Құрылыс жүргізушілермен жұмыс жағдайын егжей-тегжейлі талқылаған аудан әкімі «халыққа сапалы тұрғын үйлерді тапсыруымыз қажет. Ол үшін құрылыс барысын үнемі қадағалауға мүдделіміз» деп, салаға жауапты қызметкерлерге құрылысты бақылап отыруды, құрылыс жүргізушілерге жұмысты талапқа сай тиянақты орындауды тапсырды. Сонымен қатар тиісті мамандарға тұрғын үйлер айналасын ретке келтіріп, ойын алаңшалары секілді әлеуметтік нысандар орнатуды жобаға енгізу жөнінде тапсырма жүктеді.
Келесі кезекте осы тұрғын үйлерді ауызсумен қамтитын су мұнарасы аумағына барып, жауаптыларға нысан айналасын қоршап, қас-келбетін ретке келтіруді тапсырды. Одан әрі осы аумақта орналасқан “Темірлан Абаттандыру” мекемесінің базасына табан тіреп ондағы аудан балансындағы дүние-мүліктердің жай-жапсарымен танысты. Жауапты қызметкерлерге бұл жердегі бірқатар мүліктерді тиімді түрде аудан игілігіне пайдалануға жаратуды тапсырды.
Одан кейін Арыс өзені бойындағы жағажайға бағыт бұрып, аудандағы қауіпсіздік саласындағы қызметкерлердің басын қосып, ондағы шомылу маусымына байланысты жүргізіліп жатқан шараларды пысықтады. «Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатына аудандағы барлық сала жауаптымыз, бұл тұрғыда бәріміз бірігіп, үйлесімді түрде жұмыс атқаруымыз қажет» деп, барлығынан маусымдағы профилактикаға белсенді атсалысуды талап етті.
Тиісті салаларға қысқа мерзімде жағажайларды талапқа сай келбетке келтіріп, шомылуға тыйым салынуы қажет жерлерді айқындауды тиянақтап, судағы қауіпсіздік бойынша жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат