Сенбілік барысында «Арыс жағалауы» саябағы мен «Отырар төбе» қалажұрты мен «Арыстанбаб» кесенесінің маңы, ішкі көшелердегі қоқыстар техникалардың көмегімен арнайы орындарға шығарылып, көшеттер егілді. Тазалық жұмыстары жүргізілген аумақтарға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы да арнайы барып, көшет егу жұмыстарына атсалысты. Туған өлкемізді таза ұстау әрбір азаматтың парызы екенін айтып, тазалық мәдениеті қоқысты тазалаудан емес оны тастамаудан басталатынын атап өтті. Сондықтан әрбір тұрғын өз туған жерінің, туған үйінің ауласын таза ұстап, табиғатқа жанашырлықпен қарау керектігін жеткізді.
Аудан әкімі шара барысында: «Алдағы уақытта да барлық ауыл округтерінде «Таза Қазақстан» шарасы аясында сенбілік жұмыстарын жоспарға сай тұрақты түрде ұйымдастыру қажет. Биыл жыл соңына дейін 50 мыңнан аса көшеттер егіледі деп жоспап отырмыз. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Сондықтан баршаңызды аудан аумағындағы тазалық жұмыстарына атсалысуға шақырамын»,-деген аудан халқына арнаған үндеуін жолдады.
Айта кетейік, аудан көлеміндегі тазалық шарасында 14 техниканың көмегімен 8,6 тонна қоқыс арнайы аумаққа шығарылды. Көше бойындағы ағаштардың қураған бұтақтары қырқылып, түптерін қопсыту, әктеу, көшет егу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, қоршаулар сырланып, жол бойындағы қасбеттерге жөндеу жұмыстары атқарылды.
Ауданның әр тұрғыны өзі тұратын үйдің ауласын таза ұстаса, өңір тазалығына қосқан үлесі болып табылады. Өз ауылының тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Қоршаған ортаны сақтау және қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруда тазалық акцияларының маңызы зор.
Жалпы тазалық жұмыстары, сенбілік жұмыстары тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауына, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізері анық. Сенбілік - тазалық кепілі. Әр адам сенбілікке кішкене де болса атсалысып, үлесін қосса тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Олар сенбілікке шығу арқылы тазалыққа деген жауапкершілікті нығайтады. Себебі,өзің тазалаған жерді сен ешқашан шашпайсың, керісінше, ауыл-ды бүлдіріп жүргендерге көз жұмып қарай алмай оларға ақылыңды айтасың. Сенбілік осыған үйретеді.
Осыны кейінгі жастарға өнеге еткен саурандық тұрғындар көше мен аула тазалығын күн сайын қадағалап отырудың маңыздылығын айтуда. Себебі, тазалық - жанның саулығы, ішкі мәдениеттің бастауы. Сауран ауданында Дүниежүзілік тазалық акциясы барысында жиналған қоқыс қалдықтары мен арам шөптер арнайы полигондарға жеткізілді.
Ауыл тазалығы, оның көркі мен сәні әрбір тұрғынның өз ауласы мен үйінің маңайынан басталады емес пе? Кейбір тұрғындар аудан орталығында тұратынын көбіне ұмытып кететін болуы керек. Жан-жағыңызға қарасаңыз үй иелерінің жекеменшік баспанасының ауласы мен маңайын абаттандыруға құлықсыздығының, жан-жағына қоқыстарын қалай болса солай лақтыра беретіндігінің куәгері боласыз. Тіпті көршілес тұратындар бір-бірімен санаспайды, ұялмай көршісінің тазалаған аумағына қоқыстарын лақтырумен болады. Міне, осындай тәртіпсіздікке аудан, ауыл басшылары қатаң шара қолдануы керек.
«Тазалығымен ерекшеленген қандайда бір көрініс жанға жылу береді. Жанымызға рахат, көңілімізге шаттық сыйлайтын тазалақ шараларына алдағы уақытта да белсене қатыссақ нұр үстіне нұр болар еді» - дейді саурандық тұрғындар. Ауылдарды гүлдендіріп, көшелерді көркейтеміз десек, санитарлық тазалықты әркім өзінен, үйінің, ауласының маңынан бастауы керек. Туған өлкенің тазалығын қадағалау әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін естен шығармаған дұрыс.
Ауылдардың тазылығы, абаттандыру — Отырар ауданы басшылығының ғана емес, облыс басшылығының жіті қадағалауында тұрған мәселелердің бірі екені белгілі. Мәселен, Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде абаттандыру, тазалық, көгалдандыру жұмыстары сараланып, мәселелер талқыланған болатын. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы жұмыстарды дұрыс атқара алмай отырған аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына жұмысты күшейтуді тапсырған-ды.
Тазалық, көгалдандыру, абаттандыру мәселесі тұрақты талқыланып келе жатыр. Жүйелі мәселе бар. Әкімі қандай болса, ауданы сондай болатыны рас. «Әр аудан, қалада осы мәселелерге қатысты мобильді топтар құрылып, жұмыс күшейтілсін. Екіншіден, облыстағы мыңнан астам мектеп, ауруханалар, мәдениет, спорт мекемелерінің өкілдері өз аулаларына ағаш егіп, абаттандыруды, тазалықты бақылауда ұстасын. Заманауи тұқымбақ ашып, халықты ағаш егуге ынталандырған жөн, – деген болатын облыс әкімі.
Айта кетейік, облыс әкімі аудан, қаланы, ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру, жол бойындағы үйлердің қасбеттерін және қоршауларын ретке келтіру бойынша тапсырма берген болатын. Аталған тапсырмаларды уақытында орындамай кемшіліктерге жол берген осы салаларға жауапты тұлғаларына тәртіптік шара көру бойынша ұсыныс беріліп, шара көрілген. Абаттандыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасады.
Осы тұста өсімдіктер дүниесі туралы мәселелерді де айта кетсек. Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасы тарапынан әзірленетін электронды дендрологиялық жоспарға ағаш-бұталардың мәліметі енгізілетін болады. Қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі де назардан тыс қалған емес. Облыс аумағында тұрғындар санының артуына байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемінің артып келе жатқаны жасырын емес. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі 23%-ға жоспарланып, толық орындалған. Ал биыл меже 26%-ға жоспарланып отыр. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, Мемлекет басшысының осы салаға қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында 2024-2026 жылы қалаларды көгалдандыру және абаттандыру бойынша жол картасы бекітілген. Жол картасын және облыс әкімінің тапсырмаларын орындау бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған.
2025 жылы наурыз айынан бастап тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылды. Аталған сенбіліктерге жергілікті әкімдіктер, барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлік ұйымдар, белсенділер мен еріктілер қатысып, бекітілген аумақтарда тазалық және ағаш көшеттерін егу жұмыстары жүргізілді. 275 саябақтар және скверлер, 192 балалар және спорт алаңшалары ретке келтірілді. 95 шақырым көпірлер, өзендер, каналдар мен бұлақтардың арналары тазаланды, 897 көпқабатты тұрғын үй маңындағы аумақтар мен аулалар, жертөлелер, кіреберістері жиналды. Елді мекендерде абаттандыру нысандарын және санитария жағдайын қалыпты деңгейде ұстау мақсатында мобильді топтар құрылып, топ құрамында аудан, қала және ауыл округтерінің қызметкерлері, белсенді азаматтар, қоғамдық жұмысшылар тартылған. Мобильді топтың аралау кестесі бекітіліп, қажетті құрал-сайманмен қамтылған. Тазалықты сақтау жөнінде ақпараттық және насихат жұмыстары жүріп жатыр.
Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидалары мен инфрақұрылым нысандарын бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдірудің алдын алу мақсатында әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарына сәйкес шаралар қолданылған. Атап айтқанда, биыл облыс аумағында жоғарыда аталған мәселелерге байланысты заң бұзып, тазалыққа, инфрақұрылымға нұқсан келтірген жүздеген тұрғынға айыппұлдар салынған.
Қоршаған ортаны таза ұстау, табиғаттың көркем бейнесін жоғалтпау – адамзатқа ортақ іс. Сондай-ақ, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жазда сая, қыста қамсау болады. Табиғат ананың көркі кіреді. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді.Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажетті нәрі, жер бетіне көрік берген сәні. Табиғат, Жер-ана, Атамекен, Туған жер, ауылым, деген бір-бірімен тамырлас әрі тағдырлас. Туған жердің барлық табиғи қадір қасиеті тұла бойға тарайды.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат