Шараға аудандағы 50-ден аса отбасының балаларына «Заречное» БК АҚ-ның бас директоры Нұржанов Қанат Есенгелдіұлының демеушілігімен сыйлықтар таратылып, «BalaTime» - ойын сауық орталығына бір күндік тегін жолдама берілді. Қуанышқа бөлеген шарада балалар түскі ас ішіп, түрлі ертегі кейіпкерлерімен ойын ойнады.
Мейірімге толы шарада аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтап, отбасы-адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі ал, балаларға қуаныш сыйлап, олардың құқығын қорғау барша адамзаттың парызы екендігін ерекше атап өтіп, бүлдіршіндерге мерекелік ізгі тілегін білдірді.
Балалар мен ата-аналардың жүздеріне күлкі үйірілген жиында ата-аналар қайырымдылық шарасын ұйымдастырған азаматтардың еңбектеріне табыс пен абырой тілеп, ақ батасын берді. Шара соңында балалар мен ата-аналар шараға қатысушы қонақтармен естелікке суретке түсті.
Иә, бала - өмірдің жалғасы, елдің болашағы. Әрбір баланың тәтті қылығы, тыныш ұйқысы, алаңсыз күлкісі маңызды. Баланың ең сенімді қорғанысы – дені сау, тату, берекелі отбасы. Балалар біздің үмітіміз, болашағымыз. Қуаныш пен шаттыққа толы балалық шақтан асқан сұлулық жоқ, оны солай ету – отбасының, қоғамның, мемлекеттің міндеті.
Балаларды қорғау күнінің мақсаты – балалардың өмір сүруге, пікір бостандығына, білім алуға және қорғауға құқығы бар екенін еске салу. Бұл мереке 1949 жылы қарашада Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясы конгресінің шешімімен бекітілді. Қазақстан Республикасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі негізгі халықаралық құқықтық құжаттарды ратификациялады, оларды жүзеге асыру барысында балалардың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін тиісті заңдар мен қаулылар қабылданды. Негізгі халықаралық шарт – 1989 жылы 20 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенция.
Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде мәдени іс-шаралар өткізіліп, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлайды, соның ішінде көрмелер, шығармашылық фестивальдар, спорттық жарыстар және т.б. өткізіледі. Бұл күні барлық ата-ана кішкентай балақайларға ерекше көңіл бөледі. Ауыл-аймақ, қалаларда осы күнге арналған түрлі концерттер ұйымдастырылып, тіпті кейбір компаниялар немесе орталықтар аталған күні балаларға арнап арнайы сый дайындайды.
Шын мәнінде балалардың әр күні мереке болуы тиіс. Олардың өмірінің қауіпсіз болуы, соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беру барлығы кез келген адамның міндетіне кіру керек. Бұдан бөлек, әлем халықтары 20 қарашада Халықаралық нәрестелер күнін, 16 маусымда Африкада балаларды қорғау күнін мерекелейді. Ал біздің елімізде балаларға арналған көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылып, жалпыхалықтық деңгейде аталып өтіледі.
1994 жылы Қазақстанда балалар құқығын қорғау конвенциясы қабылданды. Елімізде балалардың құқығын қорғауға арналған мынадай заңдар қарастырылған:ҚР Конституциясының 27 бабы бойынша отбасы және балалар мемлекет қорғауында болады. "ҚР балалар құқығы туралы" Заңында балалардың өмірін және денсаулығын қорғау, олардың ар-ожданына қол сұқпау, қажетті өмір сүру деңгейі, білім алу, балалардың мүліктік құқығы, мемлекеттік көмек және демалыс, бос уақытын өткізу сынды құқықтары бекітілген. ҚР "Неке және отбасы туралы" кодексінде кәмелет жасына толмаған балалардың құқығын қорғау баптары енгізілгенін айта кетейік.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат