Сейсенбі, 13 Мамыр 2025 11:25

Сауран ауданы: Майданталда тұрғындарының өз еңбегімен табыс табуына мүмкіндік беретін жаңа жоба іске асады

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Майдантал ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Сапар барысында аудан басшысы ауылдағы жаңа әлеуметтік жобаның жүзеге асу барысымен танысты.

Аталған жоба аясында 6 гектар жер телімі арнайы қоршалып, әлеуметтік топтағы тұрғындарға бөлініп беріледі. Бұл аумақта ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 5 гектарға бақша өнімдері, 1 гектарға жеміс ағаштары отырғызылмақ. Жоба ауыл тұрғындарының өз еңбегімен табыс табуына мүмкіндік беріп, әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етуді көздейді.

Аудан әкімі жобаның маңыздылығын түсіндіріп, ауыл халқының ұсыныстарын тыңдады. Сондай-ақ, жұмысты жүйелі жүргізу үшін тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл бастама ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, тұрғындарды өнім өндіруге ынталандыруға және жергілікті нарықты табиғи өнімдермен қамтуға бағытталған. Жоба толық жүзеге асқанда, ауыл тұрғындары өздеріне тиесілі жерді тиімді пайдаланып, экологиялық таза өнім өндіріп, табыс таба алады. Сонымен қатар, бұл бастама жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және ауыл шаруашылығын дамытуға оң әсерін тигізеді. Сауран ауданы әкімдігі әлеуметтік жоба аясында ауыл тұрғындарына тұрақты қолдау көрсететінін және оның нәтижелі жүзеге асуын бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен «Amanat» партиясының аудандық филиал төрағасы Сағынбек Асылбеков Майдантал ауылдық округінде көшпелі жеке қабылдау да өткізді. Қабылдау барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ауызсу жүйесінің жағдайы, жол жөндеу, жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару, жаңа мектеп салу, көпірлерді жөндеу және балалар ойын алаңшасын орнату секілді мәселелер қозғалды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласына қатысты да ұсыныстар айтылды.

Әкім тұрғындардың мәселелерін тыңдап, әрбір көтерілген сұрақ бойынша тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді. Жергілікті билік бұл мәселелерді кезең-кезеңімен шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізетінін атап өтті. Сонымен қатар, аудан әкімі суармалы жерлердің жағдайын бақылау мақсатында ауылдағы арық және каналдарды аралап көрді. Су жүйесінің тозу деңгейі мен су жеткізу мәселелері талқыланып, тиісті шаралар қабылдау жөнінде жауапты мамандарға тапсырма жүктелді. Аудан әкімдігі тұрғындардың ұсыныстары назарға алынып, инфрақұрылымды жақсарту бағытында жұмыстар атқарылатынын мәлімдеді. Қабылдау нәтижесінде көтерілген мәселелер әкімдік тарапынан бақылауға алынып, олардың шешілу барысы үнемі қадағаланатын болады.

Жалпы, Сауран ауданында ауылшаруашылығы саласында 2025 жылдың басынан бері 6,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта өңірде биыл құны 16,4 млрд теңгені құрайтын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

Ауданға қарасты Шаға ауылдық окугінде келесі жылы «Eco-Chiken» ЖШС жұмысын бастамақ. Ет бағытындағы құс фермасының жоба құны 2,5 млрд теңгеге бағаланып отыр. Өндіріс орны толық іске қосылған соң тек облыс көлемінде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне құс етін эспорттауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, «Ақ Сауран» ЖШС-ң құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 700 гектар аумаққа жаңбырлатын суару қондырғысын орнату жобасы да жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері өңірдегі ауылшаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосарына күмән жоқ.

Сонымен қатар, аудан әкімінің айтуынша өңірлік өнім көлемін артыру мақсатында, ауданның 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленген. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 млрд теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Ал, 2025 жылдың соңына дейін медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін 30 өндірістік орын ашылады. Салынатын инвестиция көлемі 100 млрд.теңгені құрап, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Аудандағы тарихи нысандарға келуші туристер де жыл санап артып келеді. Өткен жылдың қорытындысымен өңірде қонақ болғандар саны 100 мың адамға жуықтаған. Жалпы Сауран ауданында 54 тарихи нысан орналасқан. Оның ішінде, 3 нысан республикалық маңызға ие. Саланы әрмен қарай дамыту мақсатында биыл жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 164 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округіндегі минералды су көздерін тиімді пайдалану мақсатында емдік сауықтыру және демалыс аймағын құруға 20 гектар жер телімі белгіленді. Алдағы уақытта 14 жоба іске асырылып, 5 млрд теңге инвестиция тартылады.

Сауран ауданында ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ық­пал етеді. Сонымен қатар қызмет ба­ғыт­­тарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орын­­дары пайда болады, осылайша ауыл­дан жас кадрлардың кетуі азаяды.

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырым­да­масы бірқатар шараны қамтиды, со­ның ішінде ауыл тұрғындарын жер­гілікті өзін-өзі басқаруға тарту, әр­түр­лі мемлекеттік қолдау көрсету, ту­ризм­ді дамыту, экспортты ынталандыру, эколо­гиялық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету. Аталған тұжырым­да­ма­дан күтетін нәтиже – табысы ең төмен­гі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл хал­қының үлесі 5,8%-ға, ал ауылдық жер­лерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар елді мекен­дерді таза сумен қамтамасыз ету – 100%, интернетпен қамту – 97%, нор­ма­тивтік жағдайдағы жергілікті жол­дар­дың үлесі 95% болмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика ми­нистрлігі 2019 жылдан бастап «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқанын айттық. Ел ішінде «Көмектескің келсе, балық берме, қармақ бер» деген жақсы сөз бар. Ауыл тұрғындарының тұрмысын көтеру, ауылды жандандыруға берілген тиімді қармақ, бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарламаның ең басты мақсаты – қарапайым ауыл тұрғындарын кәсіпке баулу арқылы тұрмыс-тіршілігін жақсарту, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігіп, бір-біріне қолдау көрсетіп, ауылдық жерде шикізат өңдейтін өндірісті дамыту. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына 5 жылдан 7 жылға  дейін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Алу шарттары да жеңілдетілген, яғни кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік, меншіктегі жер немесе арнайы техниканы бағалап, соған сәйкес шағын несие алуға болады.

Жалпы, өткен жылы Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дамып, егістік алқаптарында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл қорытындысы бойынша 43,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Соның нәтижесінде 873,3 тонна өнім өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда өнімділік 105,3%-ға артты. Бұл жетістік саладағы өсімнің айқын көрсеткіші.

Ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі. Осыған орай, егістік алқаптарын ұлғайту, өнімділікті арттыру және агротехнологияларды жетілдіру бағытында кешенді шаралар атқарылуда. Аграрлық сектордың даму қарқыны жоғары, алдағы уақытта одан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіледі деп күтілуде.

Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны  7 мыңға  жетіп, соңғы 2,5 жылда олардың саны 5 мыңға өсті. Осы салада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5%-ға артты.

Ауыл­дарды дамыту бойынша алға қой­ған жоспарлар көп, соған байланыс­ты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақ­тарды дамытудың 2023-2027 жыл­дарға арналған тұжырымдамасы бар. Тұжырымдама ауылдық аумақ­тар­дың географиялық ерекшеліктері мен бәсе­ке­лестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 8 рет