Сенбі, 31 Мамыр 2025 14:12

Созақта жалпыаудандық сенбілік жұмыстары жүргізілді

Бүгін «Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау» күніне орай, Созақ ауданы бойынша жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылып, барша ауылдар мен елді мекендерде ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді.

Аталған іс-шара табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында өткізілді. Сенбілікке мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары мен еріктілер, сондай-ақ ауыл тұрғындары белсене қатысты.

Шолаққорған ауылында бөлінген 5 сектор бойынша 144 көше қамтылып, әр мекеме өздеріне тиесілі аумақтарда тазалық және көгалдандыру шараларына белсене атсалысты. Ішкі көшелер, саябақтар, ауыл сыртындағы сай-сала, үлкен жолдар мен айналма жолдардың бойы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, су өткізу жүйелері де ретке келтірілді. Сонымен қатар, Созақ, Құмкент және Жартытөбе ауылдарында «Мөлдір бұлақ» акциясы ұйымдастырылып, өзен-көлдердің жағалаулары мен арық-атыздар тазартылып, су арналарының еркін ағысы қамтамасыз етілді.

30-ға жуық арнайы техника жұмылдырылып,6500-ден астам тұрғындар, мекеме қызметкерлері мен белсенді жастар атсалысты. Іс-шара нәтижесінде 20 шақырымға жуық өзен-көлдер мен арық жүйелері тазартылып, 110 тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар арнайы полигонға шығарылды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 52 рет