Туризм көптеген елдерде экономиканың басымдықты салаларының біріне айналып келеді. 2030 жылға қарай бүкіл әлемде туристердің ағыны 1,8 млрд адамға жетеді деп күтіліп отыр. Осынша адам халықаралық шекаралардан өтіп, шет мемлекеттерде саяхаттайтын болады.
Қазақстанда туризм саласының дамуы енді ғана басталып келеді. Әлем Қазақстанда демалу, саяхаттау және оны танып-білу мүмкіндіктері жайлы енді ғана біліп жатыр. Еліміз туристік бағыт ретінде бұрыннан бәріне белгілі, бірақ, бұл жерде туризмнің алуан түрлері бойынша қандай мүмкіндіктердің бар екенін, оның ішінде экологиялық және этнотуризм туралы әлем енді біліп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, отандық туризмнің даму динамикасы жақсы. Елімізге сырттан келетін туристер саны жыл сайын орта есеппен 10 пайызға өсіп келеді. Соңғы 5-6 жылда ішкі туризм бойынша да оң динамика бар екен. Бұл бағыттағы даму көрсеткіші жылына 10-15 пайыз деңгейінде. Біздің азаматтарымыз барынша көбірек Қазақстандағы демалыс орындарын таңдауда. Өзінің бір демалысын Қазақстанда өткізуге ниетті адамадар саны көп. Шетелге жылына үш рет шыға алатын адамдар бар, бірақ, олар кемінде бір демалысын Қазақстанда өткізеді. Туризм түрлері бойынша беталыстар туралы айтатын болсақ, әлемде этнографиялық және саяхатшылық туризм кеңінен танымал болып келеді. Егер эко және этнотуризм әрқашан қызықты болса, аdventure-туризмге сұраныс жыл сайын 46 пайызға дейін артуда.
Осы орайда орнықты дамып келе жатқан отандық туризм индустриясынан Шымкент қаласы да өзінің лайықты орнын иеленуі тиіс. Шымкент қаласында туризм саласының әлеуеті жоғары. Өткен жылы қалаға 507 866 турист келген. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1 пайызға жоғары. Шымкентке саяхаттап келгендердің басым көпшілігі (475 235 адам) Қазақстан азаматтары. Былтыр қалаға шет елдерден 32 631 турист келді. Статистикалық ақпаратқа сәйкес, қаладағы орналастыру орындарында 615 503 адам келген. Бұл көрсеткіш те алдыңғы жылғыдан 15,4 пайызға жоғарылаған. Бүгінгі күні Шымкент қаласында 146 орналастыру орны орналасқан. Орналастыру орындары 2024 жылы 11 млрд 341 млн 336,4 мың теңгенің қызметін көрсетті. Бұл 2023 жылсен салыстырғанда 37,6 пайызға өскен. Айта кетейік, туристер саны бойынша Шымкент қаласы елімізде 4 орында тұр.