Шымкент қаласынан Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Көкшетау, Жезқазған, Петропавл қалаларына тікелей ұшатын 7 ішкі және Ыстамбұл, Мәскеу, Анталья, Дубай, Доха, Жидда, Шарм-Эль-Шейх, Пхукет, Медина, Фукуок бағыттарында 10 халықаралық әуе рейстері бар. «Scat» әуекомпаниясы тарапынан алдағы уақытта Бейжің, Сиань, Санья, Будапешт, Прага және Мюнхен қалаларына да тікелей халықаралық рейстер ашу жоспарлануда.
Туризм саласын одан әрі дамыту үшін бірқатар жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, былтыр жылы «Қарашаш ана» және «Ибрагим ата» кесенелері жаңа санитариялық-гигиеналық торап, жаңа орындықтар, жарық шамдары және ақпараттық стендтер орналастырылды. Оған қоса былтыр «Спутник» гүлзары мен Тәуке хан даңғылының бойында 2 санитариялық-гигиеналық торап іске қосылды Сондай-ақ, өткен жылы Qazaq Hotel, Diamond Hotel, Aurum Hotel, Cannes Hotel, Zhamal Hotel, Makhambet, Mirotel секілді 7 қонақ үй іске қосылды.
Туристік инфрақұрылымды одан әрі дамытып, шаһарға саяхаттап келген адамдарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыс биыл да жалғасын табады. 2025 жылы Ибрагим ата, Қарашаш ана, Мірәлі баба, Әбділ Әзіз баб, Хызыр мұнарасы, дендросаябақ және цитадель секілді 7 туристік нысанға төлқұжат орнатылады. Оған қоса Ибрагим ата, Қарашаш ана, Әбділ Әзіз баб секілді 3 сакралды нысанға турникет орналастырылады. Қалада адам көп жүретін жерлерге 5 smart cанитариялық-гигиеналық торап пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Mardan hotel, Zeinnur tau, Keremet және Altai hotel атты 4 қонақ үй іске қосылады.
Оқиғалы туризмді дамыту үшін «Дәмдәсtour» гастрономиялық фестивалі ұйымдастырылды. Осынау айтулы шараға биыл 50-ден аса мейрамхана өкілдері қатысты. Онда Қазақстандағы ең үлкен самса дайындалып, ол Қазақстан рекордтар кітабына енді. Сондай-ақ, фестиваль аясында гастрономиялық сайыстар ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Сарапшы мамандар мұндай іс-шаралардың жыл сайын тұрақты әрі дәстүрлі түрде өткізілуі, әрі оның жоғары деңгейде, қызықты қызықты етіп ұйымдастырылуы Шымкентте гастрономиялық туризмнің дамуына серпін беріп, қаламыздың тартымды туристік бағыт ретіндегі танымалдығын арттыра түседі.
Оған қоса биыл «Қызғалдақ жолы» фестивалі ұйымдастырылады. Шымкентті қызғалдақтың отаны ретінде әлемге танытуды көздейтін бұл фестивальдің аясында қатысушылардың шеруі өтеді. Сондай-ақ, осы тақырыпқа сәйкес ауқымды театрландырылған көрініс ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Ал, бұл фестивальдің ең маңызды бөлігі деп флористердің көрмесі мен конкурсын айтуға болады. Сондай-ақ, айтулы іс-шараның аясында балалар суретінің байқауы және фотокөрмесі, сондай-ақ, концерттік бағдарлама да қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылады.
«Әуе шарлары» фестивалінде 15 әуе шар ұшырылса, «Батпырауықтар» фестивалінде әр түрлі пішіндегі 1000-нан аса батпырауық ұшырылады. «Жарық шамдар» фестивалі аясында балаларға арналған конкурстар, түрлі сайыстар ұйымластырылып, концерттік бағдарлама өтеді.
«Street food fest» фестивалінде гастрономиялық жәрмеңке және сайыстар өтеді. Оған жалпы саны 50-ден аса фаст-фуд орталықтары қатысады. Ал, «COMIC CON SHYMKENT» фестивалінде 120 костюмді түрлі стильдегі адамдар қатысады. Онда командалық сайыстар ұйымдастырылып, «Ең үздік киім үлгісі» номинациясы бойынша қатысушыларды марапаттау жоспарланған.
Айта кетейік, туристер саны бойынша Шымкент қаласы елімізде 4 орында тұр.