Бүгінде отандық туризмді дамытуда Түркістан қаласына ерекше көңіл бөлініп отырғаны жасырын емес. Бұл қалада жаңа әуежайдың іске қосылғанына қарамастан, киелі шаһарға келушілер ағыны әлі де Шымкент қаласынан өтетінін көңіл көншітеді. Осы орайда, Түркістан мен Шымкент қалалары қандай жағдайда да бірге дамитынын түсіну қажет. Яғни, көрші өңірдегі киелі орындарға келген саяхаттаушыларды Шымкент қаласына да тартудың мүмкіндігі зор. Сол үшін биыл қаладағы Этноауыл аумағын абаттандыру және қайта құру жоспарланған.
2024 жылы туристік индустрия өкілдеріне арналған семинар-тренинг өткізілді. Оған гид-экскурсоводтар, қонақ үй бизнесі әкімшілері, мейрамхана қызметкерлері, барлығы 90 маман қатысып өздерінің кәсіби біліктілігін шыңдай түсті. «Visit Shymkent» туристік ақпарат орталығының дүңгіршектері бірнеше орындарда ашылды Оған қоса «2ГИС» қосымшасына туристік нысандар енгізілді және «Red Bus» атты шетелдік туристерге экскурсия ұйымдастырылды.
Биылда бірқатар іс-шаралар қолға алынбақ. Атап айтқанда, Шымкент қаласына келген қонақтарға және туристерге хабарлама тарату қолға алынбақ. Туристік индустрия өкілдеріне арналған семинар-тренингтер ұйымдастырылады. «Visit-Shymkent.com» ресми туристік порталын (сайт) cүйемелдеу жұмысы жалғасады. Тревел-блогерлер мен контент мейкерлерге арналған мастер-класс ұйымдастырылып, «2ГИС» қосымшасына ұлттық және шығыс асханалар жиынтығы енгізіліп жатыр.
Туристік нысандар мен тур маршруттарды цифрландыру, атап айтқанда, туристік объектілер үшін 3Д-тур жасау жолға қойылады. «Visit Shymkent» орталығының туристік аралы ашылмақ. Оған қоса 24/7 режимінде жұмыс істейтін Гастрономиялық аллея ашу және Бадам су қоймасы аумағында туристерге қолайлы жағдай жасау жоспарланып отыр.