Жексенбі, 20 Шілде 2025 11:34

Сарағаштық коммуналдық мекеме қызметкерлеріне қолдау көрсетілді

Қазақстан бойынша кең көлемде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Басты мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, патриоттық рухты арттыру және табиғатқа жанашырлықпен қарау, құндылықтарын насихаттау.

 

Ауқымды шара барысында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Ауыл» партиясының  облыстық филиалының төрағасы Қайрат Салыбек аудан тазалығына үлес қосып жүрген «Таза қала» КММ қызметкерлеріне қаржылай сыйақы табыстап, қосымша бір миллион теңгеге қажетті құрал-саймандармен, сенбілікке қатысушыларды сусындармен  қамтамасыз етті. Бұл қолдау – адал еңбек пен қоғамдық жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Аудан әкімі Арман Абдуллаев депутаттың игі бастамасын жоғары бағалап, халық қалаулысына алғысын білдірді.

Таңғы сағат 8:00-де басталған жұмыстар барысында аудан аумағындағы көшелер күл-қоқыстан тазартылып, шөптер орылып, шабылды. Сонымен қатар «Телемұнара» шағынауданының аумағында жүргізілген тазалық жұмыстарына аудан әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Ауыл» партиясының  облыстық филиалының төрағасы  Қайрат Салыбек  және тұрғындар  белсене атсалысты.Тазалық жұмыстары республикалық, облыстық және ішкі көшелер бойында атқарылды. Аудан басшысы арнайы сенбілік жүргізіліп жатқан аумақтарды аралап, сала басшыларына жұмысты жүйелендіруді тапсырды.

Оқылды 208 рет