Шаһарда цифрландыру саласында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Қаладағы жол қозғалысын басқару жүйесі, автожолдардың сапасын бақылау, жасыл кеңістіктердің сандық есебі, электронды үкімет, мобильді байланысты жақсарту, талшықты оптика желісімен қамту, әлеуметтік салаларды цифрландыру бойынша көптеген жобалар, жаңа жүйелер енгізілді. Қазір барлық салаға ақпараттық жүйені енгізу – басты назарда тұр.
Бәрі де идеядан басталады. IT саласында тыңнан түрен салып, өз жобаларын дамытқысы келетіндер де көп. Қазір бәсекенің заманы. Нарықта бәрі де көшбасшы болып, өз брендін қалыптастыруды қалайды. Қазіргі уақытта Шымкент жастары креативті ойларын іс жүзінде жүзеге асырып жатыр. Стартап жобаларын танымал компанияға айналдырғандар да жетерлік. Бұл ретте «Төлем», «Алақан» биометриясын атап өтуге болады. Ауыл шаруашылығы саласын оңтайландыру бағытындағы QazTracker жобасы да осы хабтың ғимаратында отырып, өз жобаларының ауқымын кеңейтуде. «Төлем» компаниясы да білім саласында интеграциялық жобасымен көпке танылып үлгерді.
Shymkent HUB-тың өңірлік менеджері Тимур Қозыкеевтің айтуынша, технопарктің басты мақсаты – IT экожүйесін дамыту, жастарға қолдау көрсету. Оның мәліметінше, қазіргі таңда оннан астам әлеуетті стартап жобалар бар. Олар түрлі салаларды қамтиды. Әлеуметтік жобадан бастап, денсаулық сақтау, білім, көлік, сауда, ауылшаруашылығы және тағы басқа бағыттардағы серпінді бастамалар.
Shymkent IT HUB – мүмкіндіктер алаңы. Бүгінде технологиялық паркке бас сұқсаңыз студент жастардың өз идеяларын дамытып, компьютерде жұмыс істеп жатқанына куә боласыз. Жалпы айтқанда, Shymkent HUB – ол мүмкіндіктер, адамдар, түрлі идеялар, жобалар жиынтығы, яғни коммуникативті орталық. Стартап жобаларға, жас IT мамандарға қолдау көрсетуді көздейді. IT экожүйе менеджмент, бағдарламалау, дизайн және жасанды интеллект, тағы басқа бағыттарды қамтиды.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау шеңберінде «Astana Hub» халықаралық технологиялық паркінің үлгісі бойынша еліміздің барлық өңірлерінде «ІТ Hub» ашу тапсырылған болатын. Қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылған Shymkent Hub еліміздегі технологиялық кәсіпкерлікті ілгерілетуді көздейтін сала мамандары үшін үлкен мүмкіндік береді. Орталық өңірдегі талантты жастарды қолдап, олардың кәсіби өсуі мен дамуына жағдай жасайды. Қазіргі таңда өздерінің болашағын IT саласымен байланыстырған жастардың қатары артып келеді. Қала жастары, тұрғындары өз идеяларын, жобаларын IT хабта іске асыра алады. Ондағы стартап жобаларға арналған инкубациялық бағдарламалар, онлайн білім беру курстары, коворкинг орындары, жиналыс бөлмелері, бәрі де қала тұрғындары үшін. Стартап немесе IТ саласын оқып, осы салада жұмыс істеймін деген жастарға бағыт-бағдар беріледі. Оған қоса, стартап бизнес жобаларды оқыту бойынша білім беру платформасы іске қосылды. Яғни, стартап (бірінші, бастапқы қадамдар) жобаларды қалай жасау керек екенін үйрететін 4-5 күндік тегін оқу курсы қарастырылған. Қазіргі уақытта осында стартап жобаларға да, IT мамандарына барлық жағдай жасалып отыр.
Сандық технологияларды енгізу, жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін де салаға көптеген дарынды жастар қажет. Оларға жағдай жасаудың да маңызы зор. Салаға көрсетілген қолдаудың нәтижесінде, мінекей, жаңа бастамалар, жаңа қадамдар жасалып отыр. Оң нәтижелер де бар. Кішкентай қадамдардан басталған стартаптар келешекте ірі платформаға, IT компанияға айналып кетуі әбден мүмкін. Ең бастысы, жобаны тоқтатпай дамытып, көп іздене беру.