Жексенбі, 27 Шілде 2025 11:12

Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлерге әкімшілік шаралар қолданылды

2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтерген 200-ден астам кәсіпкерге қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.

Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, аталған тауарлар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде сауда нүктелеріне мониторинг жүргізіліп келеді.

Бақылауға алынған 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне сүйекті сиыр еті (жауырын-кеуде бөлігі) де кіреді. Басқарма басшысы Талғат Мекамбаевтың айтуынша, қазіргі таңда қала аумағында 60-қа жуық әлеуметтік сауда нүктесі жұмыс істейді. Сонымен қатар, апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, онда сиыр еті килограмына 3 200–3 300 теңге аралығында сатылуда. Бұл өнімдер Түркістан облысындағы мал шаруашылығы фермаларынан тікелей жеткізіледі.

Айта кету керек, сиыр етінің жұмсақ бөлігі (мякоть) әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кірмейді. Дегенмен, «Каскасу-С» және «Бәйтерек» шаруа қожалықтарымен жасалған келісімшарттар негізінде бұл ет түрі де қала тұрғындарына 2 620 теңгеден ұсынылуда.

Сонымен қатар, «айналым схемасы» тетігі аясында «Magnum» және «Грамад» сауда желілерімен бірлескен жұмыстар жүргізіліп, сүйекті сиыр етін 2 590 теңге көлемінде тұрақты бағамен сату қамтамасыз етілуде.

Бағаның өсімі жекеменшік сауда орындарында маусымдық сұраныс, мал азығы құнының көтерілуі және ет экспорты көлемінің ұлғаюымен байланысты. Соған қарамастан, қалада ет өнімдеріне деген тапшылық жоқ.

Қала тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы бақыланатын және реттелетін сауда орындарын таңдауға кеңес беріледі.

Оқылды 86 рет