Іс-шараның мақсаты – қатысушыларға қонақжайлылық индустриясында табысты қызмет атқару үшін қажетті кәсіби дағдылар мен практикалық білім беру. Семинар бағдарламасы сала мамандарына өз тәжірибелерімен бөлісетін, халықаралық деңгейде танылған спикерлердің қатысуымен өтуде.
Семинар спикерлері қатарында:
Диана Урманова – Sheraton, Hilton Hotels және Emirates Airline сынды халықаралық компанияларда еңбек еткен, 25 жылдан астам тәжірибесі бар қонақ үй бизнесі жөніндегі сарапшы, ICBT халықаралық мектебінің сертификатталған бизнес-тренері.
Александр Юрьевич Машков – қоғамдық тамақтану саласы бойынша PhD, сервис және қонақжайлылық индустриясы саласындағы сарапшы, 16 жылдан астам тәжірибесі бар ментор әрі тренер.
Евгений Зальберг – гидтер мен турлидерлерді даярлау саласындағы маман, клиентке бағдарланған қызмет көрсету, қиын жағдайларда жұмыс істеу, туристік өнімдерді дербестендіру және жергілікті қауымдастықтарды тарту мәселелері бойынша тәжірибелі тренер. Ол АҚШ-тың Бостон қаласындағы Grand Circle Corporation компаниясында 12 жыл қызмет атқарып, түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. Сонымен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Швейцария елдерінде семинарлар өткізген.
Аталған семинар туристік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға және өңірдегі туризм индустриясының дамуына өз үлесін қосады деп күтілуде.
Айта кетейік, Шымкент қаласында туризм саласының әлеуеті жоғары. Өткен жылы қалаға 507 866 турист келген. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1 пайызға жоғары. Шымкентке саяхаттап келгендердің ішінде 475 235 адам Қазақстан азаматтары. Ал, 32 631 турист қалаға шет елдерден келген.
Статистикалық ақпаратқа сәйкес, қаладағы орналастыру орындарында 615 503 адам келген. Бұл көрсеткіш те алдыңғы жылғыдан 15,4%-жоғарылаған.