Жоспарға сәйкес, 610 адам білім беру ұйымдарында оқытылатын болса, тағы 160 азамат нақты жұмыс берушілердің өндірістік базаларында тәжірибелік даярлықтан өтетін болады. Оқыту кезеңінде қатысушыларға ай сайын шәкіртақы төленеді. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарында оқитын азаматтарға – 43 574 теңге, ал жұмыс орнында тағылымдамадан өтетіндерге – 78 640 теңге көлемінде қаржылай қолдау қарастырылған.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы арқылы стилист-шаштараз, визажист, бухгалтер-кассир, аспаз, кондитер, тәрбиеші көмекшісі, тігінші-пішуші, автомеханик, слесарь-сантехник, электрогазбен дәнекерлеуші, электрик, киім дизайнері, кестелеуші сынды мамандықтарды игеруге мүмкіндік беріледі. Бұл мамандықтар қазіргі таңда еңбек нарығында сұранысқа ие болып отыр.
Азаматтардың оқуға қатысуы үшін алдымен аудандық мансап орталықтарына барып, “жұмыссыз” мәртебесін алуы қажет. Тиісті мәртебеге ие болған тұрғындар ғана кәсіптік оқуға өтінім бере алады.
Аудандық мансап орталықтары келесі мекенжайларда орналасқан:
• Абай ауданы – Арғынбеков көшесі, 243/3;
• Еңбекші ауданы – Астана шағынауданы, 106;
• Әл-Фараби ауданы – Байтұрсынов көшесі, 201;
• Қаратау ауданы – Бәйтереков көшесі, 89;
• Тұран ауданы – Қазыбек би көшесі, 50.
Жұмыссыз азаматтарды қолдау және кәсіби тұрғыдан дамыту – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды құрамдас бөлігі ретінде басым бағыттар қатарында қала бермек.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.