Қазіргі таңда Түркістан облысында 387 кітапхана, соның ішінде 2 облыстық кітапхана халыққа тұрақты түрде қызмет көрсетіп келеді. Жыл басынан бері өңір кітапханалары 200 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетіп, 6 мыңнан астам мәдени іс-шара ұйымдастырды. Кітап қоры 6 миллионнан асып, 20 мыңнан астам жаңа кітаппен толықты.
Кітапханаларда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы, «Ақылдыңмен – ақылдымын», «Абай оқулары», «Әл-Фараби оқулары», «Қазыналы керуен» сияқты облыстық жобалар кең көлемде жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар, «Мархабат оқулары» халықаралық симпозиуммен қорытындыланып, кең ауқымды қолдау тапты. Бұдан бөлек, кітапханада елімізге танымал қаламгерлермен, жас таланттардың әдеби-сазды кештері ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, «Түнгі кітапхана» жобасы аясында Мұқағали мен Фаризаға, көктем мен махаббат тақырыптарына арналған поэзия кештері өтті. Табиғат аясындағы «Түн. Табиғат. Поэзия» кеші оқырмандар есінде қалды. Бұдан соң Қазығұрт ауданында Бақытжан Алдиярдың шығармашылық кеші өтіп, оған Бақыт Беделхан қонақ болды. Кітап насихатын жаңа деңгейге көтеру мақсатында «ПарақTIMES» кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда елімізге танымал қаламгерлер оқырмандармен жүздесті.