Сәрсенбі, 23 Шілде 2025 10:36

Түркістан: Президенттің кеңесшісі табиғи парктер мен қорықтарды аралады

Бүгін Кентау қаласына Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі- Халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменова жұмыс сапарымен келді.

 

Сапар аясында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевпен бірге қала аумағындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақ – «Қаратау» қорығына барып, тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысты. Қорық қызметкерлері атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндап, өңірдің биоалуандылығы мен қорғауға алынған табиғи байлықтары туралы мәліметтер ұсынды.

Қорықта 1221 өсімдіктің түрі өседі, оның 59-ы – Қызыл кітапқа енген. Ал құстардың 127 түрі кездессе, Қызыл кітапқа оның 12-сі енгізілген. Сондай-ақ омыртқасыздардың – 1345 түрі бар, оның 16-сы Қызыл кітапқа енген. Еліміздегі арқардың 5 түрінің бірі – Қаратау арқары дәл осы аймақта мекендейді.

Зүлфия Болатқызы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биоәртүрлілікті сақтау – ұлттық маңызы бар міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар Халықаралық биоәртүрлілікті қорғау қоры құрылып жатқанын жеткізді. Бұл бастама қорықтардың қызметін күшейтуге және экотуризмді дамытуға тың серпін береді.

Қонақтар сондай-ақ қорықтағы тарихи орын – «Хан тағы» бөлігіне барып, қорықта жайғасқан табиғатты тамашалады. Одан бөлек, зертхана жұмысымен танысып, қорық қызметкерлерімен тілдесті. Мұнда сирек кездесетін жәндіктер сақталып, ғылыми зерттеулер жүргізіледі.

Осы күні Президент кеңесшісі Түркістан қаласындағы «Жастар саябағы» мен «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты.

 

Оқылды 1 рет