Сейсенбі, 29 Шілде 2025 12:00

Түркістан: Шардара жағажайы жаңа кейіпке енді

Шомылу маусымы басталғалы Түркістан облысына қарасты жағажай аумақтарында қауіпсіздік және тазалық шаралары күшейген. Шардарадағы жағажайда осыған дейін анықталған кемшіліктер бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп, демалушыларға қолайлы жағдай жасалды.

 

 

Жағалауда мониторинг жұмыстары тұрақты жүргізіліп, полиция қызметкерлері тарапынан қауіпсіздік талаптары қатаң қадағалануда. Бүгінде онда 6 биоәжетхана, 160 қоқыс жәшігі және 10 киінуге арналған қоршау орнатылды. Тазалық жұмыстарына 11 техника, 80 жұмысшы жұмылдырылған. Сонымен қатар, жағалаулардың түбін тазалау жұмыстары атқарылды. Орман шаруашылығымен 5 келісімшарт тоқтатылса, полиция қызметкерлері тарапынан 196 құқықбұзушылық анықталып, жалпы 36 хаттама толтырылған. Оларға тиісті айыппұлдар салынған. Кәсіпкерлер де заң шеңберінде жауапкершілікке тартылған.

 

Қазіргі уақытта жағажай аумағына 16 құтқарушы бекітіліп, қалқымалы қауіпсіздік белгілері орнатылған.

 

Айта кетейік, Түркістан облысына келуші саяхатшылар саны жыл сайын артып келеді. Биылғы 5 айда Түркістан өңіріндегі тарихи орындарға 424 мың адам саяхаттап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға артқан. Табиғи аумақтарға саяхаттаушылар саны 58 мыңға жуықтап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көбейген. «E-qonaq» жүйесіндегі деректерге сәйкес, биылғы 5 айда Түркістан облысына 18699 шетелдік турист келген. Бұл – өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 2 есе көп. Әсіресе, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Қытай, Қырғызстан елдерінен саяхатшылар көп келген.

Оқылды 5 рет