Дүйсенбі, 20 Сәуір 2026 12:51

Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында павлония егу жұмыстары қарқынды жүруде

Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту, жасыл аймақтарды кеңейту және өңірдің көгалдандыру әлеуетін арттыру мақсатында «болашақ ағашы» аталып кеткен павлонияны егу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Әлемдегі ең жылдам өсетін ағаштардың бірі саналатын павлония қазіргі таңда Түркістан қаласының кіреберіс аумағында да жайқалып тұр. Павлония егу жұмыстары негізінен Жетісай, Келес және Сарыағаш аудандарында қатар жүргізілуде. Жалпы өңір бойынша павлонияның 60 мыңнан астам түбі мен ондаған гектар алқабы бар. Бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да кеңейеді. Павлония ағашы оңтүстік өңірдің климатына бейімделген. Ол жылына бірнеше метрге дейін өсіп, қолайлы жағдайда 20–25 метр биіктікке жетеді. Сондай-ақ көктем-жаз мезгілінде ұзақ уақыт гүлдеп, экологиялық тұрғыдан ауаны тазартып, көмірқышқыл газын сіңіру қабілетімен ерекшеленеді. Павлония тек көгалдандыру мақсатында ғана емес, болашақта өндірістік шикізат ретінде де маңызды рөл атқарады. Оның сүрегі жиһаз өндірісінде, қайық, шаңғы, музыкалық аспаптар мен түрлі жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаруда кеңінен қолданылады.

Сала мамандары павлонияны өсіру ісі тек экологиялық бастама ғана емес, сонымен қатар табысты агроөндірістік бағытқа айналып келе жатқанын атап өтеді. Түркістан өңірінің табиғи-климаттық жағдайы бұл ағаш түрін өсіруге қолайлы деп бағалануда. Жалпы алғанда, павлония жобасы Түркістан облысында жасыл экономиканы дамытуға, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және жаңа өндірістік мүмкіндіктерді қалыптастыруға бағытталған перспективалы бастама ретінде қарастырылуда.

Түркістан облысында павлонияны өз бастамасымен егіп жатқан азаматтар да бар. Мәселен, Келес ауданы, Бірлесу ауылдық округінің тұрғыны, зейнеткер Оразалы Жақыпұлы туған жерінде тың бастаманы қолға алған. Ол 4 гектар жерге павлония ағашын отырғызып, бүгінде ағаштар 7 метрге дейін бой көтеріп, жайқалып өсіп тұр. Зейнеткер ағаш көшеттерін көршілес Өзбекстан елінен әкеліп, тәжірибе ретінде егіп көрген. Қазіргі уақытта 10 мың түп павлонияны өндіріп, көшеттерін сатылымға шығарып отыр. Бұл ағашты жиһаз өндірісіне, дәрілік мақсатта, және малға азық ретінде пайдалануға болады.

Тұрғынның айтуынша, павлония ерекше күтімді қажет етпейді және еліміздің ауа райына бейімделген. Ағаш түрі жылдам өсетіндіктен, небәрі бірнеше жылда биіктігі 40 метрге дейін жетеді екен. Оның өнімінен сапалы жиһаздың барлық түрін жасауға мүмкіндік бар.— Менің бар арманым – туған ауылымның жерінде игі істерді көбейту. Павлония – болашақтың ағашы. Көшеттерін көбейтіп, ауыл тұрғындарына да егіп көруге кеңес беремін. Бұл әрі табиғатқа пайда, әрі табыс көзі, – дейді еңбекқор қария. Бүгінде қариядан үлгі алған ауылдастары да павлония өсіруге қызығушылық танытуда. Тіпті шаруаның көршісі де 1 гектар аумаққа павлония ағашын отырғызып үлгерген. Бұл бастама ауыл ішінде қолдау тауып, жаңа кәсіпке жол ашуда.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 12 рет