Дүйсенбі, 20 Сәуір 2026 18:43

Созақ ауданында «Таза аула» акциясы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында аудан көлемінде «Таза аула» акциясы ұйымдастырылып, барлық ауылдық округтер мен елді мекендерде санитарлық тазалық және көгалдандыру бағытында ауқымды сенбілік жұмыстары жүргізілді. Игі іске мекеме қызметкерлері мен белсенді жастар белсене қатысып, ортақ іске жұмыла кірісті.

Көркейту-көгалдандыру жұмыстарын бақылауына алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығындағы ішкі көшелерді аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Қосымша жүзеге асырылуы тиіс міндеттерді нақтылады. Сонымен қатар, Шолаққорған–Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағына арнайы барып, отырғызылған тал көшеттерінің жай-күйін көрді. Қазіргі таңда аталған аумақта кеңейтілген жер телімі қоршалып, сырлау жұмыстары жүргізілуде. Көшеттерді күтіп-баптау және суару шаралары да қолға алынған.

Сенбілік барысында Шолаққорған–Созақ, Шолаққорған–Шымкент және Шолаққорған–Түркістан бағыттарындағы күре жолдар мен айналма жол бойлары тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Бұдан бөлек, елді мекендерде күл-қоқыс шығару, аумақтарды ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп, су өткелдері, көпірлер, өзен-көлдер, каналдар мен арық-атыздар тазаланды. Көше бойындағы ағаштардың түптері әктелді.Жалпы сенбілік жұмыстарына 7000-нан астам адам мен 17 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 115 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 11 рет