Бейсенбі, 23 Сәуір 2026 18:57

Түркістан облысы: Келес ауданында абаттандыру жұмыстары жүргізілді

Келес ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстары аудан орталығынан бастап барлық ауылдық округтерді қамтыды. Сенбілік жұмыстары кезінде Абай ауылындағы «Б.Ермеков» саябағы тазартылып, ауған соғысы ардагерлеріне арналған аллеяны әктеу және сырлау жұмыстары жүргізілді. Тазалық шарасы «Жеңіс» саябағында жалғасты.

Игі шараға аудан әкімі де атсалысты. Жалпы сенбілікке 2800-ге жуық адам жұмылдырылды. Олардың қатарында аудандық бөлім қызметкерлері, ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары, кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындар бар. Ұйымшылдықпен өткен шара барысында 70-тен астам ішкі көшелер тазаланып, 4 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сенбілік тек аудан орталығында ғана емес, барлық елді мекендерде қатар ұйымдастырылып, әрбір ауыл өз аумағын тазалап, көркейту жұмыстарын жүргізді. Бұл бастама тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға және туған жерге деген жауапкершілікті күшейтуге бағытталды.

Сондай-ақ, Келес ауданына жапсарлас жатқан Сарыағаш қаласы аумағынан өтетін Рамадан каналынан таралатын Р-4-3 каналын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Механикалық тазалау жұмыстарымен аудан әкімі Арман Абдуллаев танысып, жұмыстардың сапалы әрі уақтылы атқарылуын қамтамасыз ету мақсатында «Су шаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысына нақты тапсырмалар жүктеді. Қазіргі таңда аталған кәсіпорын тарапынан Р-4-3 каналында механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 2 арнайы техника жұмылдырылып, жалпы ұзындығы 7,5 шақырым канал тазартылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Алғабас елді мекенінің егістік жерлері ағын сумен қамтылатын болады. Айта кетейік, 2025 жылы аудандағы жалпы ұзындығы 132 шақырым су арналары механикалық тазалаудан өткен. Ал, биыл 231 шақырым су арнасын тазалау жоспарланып отыр.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 6 рет