Сенбі, 25 Сәуір 2026 15:17

Төлеби ауданында өткен себілікте 1500 көшет отырғызылды

Төлеби ауданында Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кезекті жалпыхалықтық сенбілік жоғары деңгейде өтті. Тазалық шарасы Ленгір қаласындағы «Төлеби баба» саябағында жалғасын тапты.

Игі іске аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов арнайы қатысып, көгалдандыру мен санитарлық тазалық жұмыстарында белсенділік танытты. Сенбілікке аудан тұрғындары, еріктілер, мемлекеттік қызметшілер мен түрлі мекеме ұжымдары атсалысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. Жалпы саны 11 мыңнан астам адам жұмылдырылып, ауқымды жұмыстар атқарылды. Шара барысында аудан көлемінде 1500 түп көшет отырғызылып, жасыл аймақтар кеңейтілді.

Сонымен қатар 1000 гектар аумақ қоқыстан тазартылып, арнайы техникалардың көмегімен 20 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды. Айта кету керек, жыл басынан бері аудан бойынша 75 тазалық іс-шарасы ұйымдастырылып, оған 57 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Нәтижесінде жүздеген шақырым жолдар, арық-атыздар мен су арналары тазартылып, қоғамдық орындар ретке келтірілді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 9 рет