Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тазалық шарасында көпшілік Стадион аумағындағы бей-берекет тасталған тұрмыстық қалдықтарды жинап, қоршаған ортаны ретке келтірді. Жиналған қоқыстар арнайы техникалардың көмегімен қала аумағындағы полигонға шығарылып, санитарлық тазалық талаптарына сай тиісті жұмыстар жүргізілді. Сенбілік барысында қала әкімі тазалық жұмыстарына атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, қала тазалығы мен экологиялық тәртіпті сақтау — баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Қайырымдылық пен жанашырлық үлгісін көрсеткен арыстық кәсіпкер «Abeke plov» мейрамханасы сенбілікке қатысқан азаматтарға палау таратып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұдан бөлек, «Арыс минералды су» кәсіпорны мен «ХАН» фастфуд орталығы келушілерге су ұсынса, «Хадиша таба нан» орталығы ыстық нан таратты. Кәсіпкерлердің айтуынша, туған қаланың тазалығы мен көркеюіне әрбір тұрғын бейжай қарамауы тиіс. Сонымен қатар, қоғамдық іске белсенді атсалысқан азаматтарға Mobibo электронды саудда орталығы түрлі техникалар табыс етсе, тағы 10 азаматқа өнер иесі Ержан Қайратұлының жеке шығармашылық кешіне арнайы билеттер табысталып, олардың еңбегіне құрмет көрсетілді. Аталған шара Арыс қаласында тазалық пен қоғамдық жауапкершілікті ұштастырған тағылымды бастамаға айналып, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлық көзқарасын айқындай түсті.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат