Жексенбі, 26 Сәуір 2026 21:06

Түркістанда өткен жалпықалалық сенбілікке 2 мыңға жуық адам қатысты

«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында «Жасыл болашақ» іс-шаралар жоспарына сәйкес Түркістан қаласында жалпықалалық сенбілік өтті. Тазалық шарасына қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, қала аумағын көркейту жұмыстарына белсене атсалысты. Сонымен қатар сенбілікке қала тұрғындары, қоғамдық ұйым өкілдері, ақсақалдар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары, мәслихат депутаттары және түрлі сала мамандары қатысты. Тазалық шарасына 2 мыңға жуық адам жұмылдырылды.

Сенбілік жұмыстары қала кіреберісіаумағынан басталып, шаһардың барлық бөлігін қамтыды. Кәсіпкерлік нысан иелері де өздеріне тиесілі аумақтарды тазалап, қоқыстарды шығарып, ортақ іске үлес қосты. Іс-шараның тиімділігін арттыру мақсатында қала аумағы 6 секторға бөлініп, әр сектор бойынша жүйелі тазалық жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде көшелер, саябақтар мен қоғамдық орындар тазартылып, тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Сонымен қатар, абаттандыру және көгалдандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.

Сондай-ақ, осы күні Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында да сенбіліктер ұйымдастырылды. Мәселен, Қазығұрт ауданында халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыруға және елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Аталмыш экологиялық іс-шараға аудан тұрғындары белсенді қатысып, жалпы саны 10 000 адам жұмылдырылды. Акция барысында Қазығұрт ауыл округіндегі «Орталық саябақта» және Сарапхана ауыл округіндегі «Мәңгілік Ел» саябағында санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Тазалық жұмыстарына 20 арнайы техника тартылып, 1 000 гектардан астам аумақ қамтылды. Нәтижесінде 20 тонна қоқыс жиналып, арнайы полигондарға шығарылды.

Іс-шара аясында аудан әкімі Азизхан Исмаилов тазалық жұмыстары барысымен танысты. 1000 ағаш отырғызу рәсіміне қатысып, дендросаябақта ұйымдастырылған суретшілер көрмесін тамашалады және тазалық жұмыстарына белсенді түрде атсалысты. Бұдан кейін аудан басшысы Сарапхана ауылындағы «Мәңгілік Ел» саябағына барып, ондағы тазалық және абаттандыру жұмыстарымен танысты.Экологиялық акция тазалық жұмыстарымен ғана шектелмей, марафонмен жалғасын тапты. Аудан тұрғындары салауатты өмір салтын насихаттап, ерекше серпінмен жүгіріп өтті.

Ал, Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоршаған ортаны қорғау, санитарлық тазалықты сақтау және ауылдың көркін арттыру мақсатында су жағалаулары бойында ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Шараға қала әкімі Жандос Тасов қатысып, ауыл тұрғындарымен бірге тазалық жұмыстарына белсене араласты. Сонымен қатар қала басшысы тұрғындарды туған жердің тазалығына бейжай қарамай, сенбілік жұмыстарын тұрақты түрде өткізіп, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға шақырды. Сенбілікке жергілікті тұрғындар, қалалық маслихат депутаттары, еріктілер, жастар және мекеме қызметкерлері белсенді түрде қатысып, аумақты күл-қоқыстан тазарту, қураған талдарды қырқу, су жағалауларын ретке келтіру жұмыстарын жүргізді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 20 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 15-тен астам арнайы техника жұмылдырылды. Сонымен қатар ауылдың экологиялық жағдайын жақсарту және жасыл желекті көбейту мақсатында су жағалаулары бойына ауыл мен қалада 1000-нан астам ағаш егілді.

Сонымен бірге Сарыағаш ауданында да «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында көктемгі көшет отырғызу жұмыстары жүргізілді. Аталған шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес іске асырылуда. Іс-шара барысында республикалық маңызы бар А-15 автожолы бойындағы, болашақта жасыл желек саябаққа айналдыру жоспарланған 4 гектар аумаққа 1000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Бұл игі бастамаға аудан әкімі Арман Абдуллаев, әкімдік қызметкерлері, жастар мен еріктілер белсене қатысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» қағидасын ұстанған аудан тұрғындары көгалдандыру жұмыстарына ұйымшылдықпен атсалысты.

Сонымен қатар аудан көлемінде кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары жүргізілді. Шара барысында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар мен ішкі көшелер бойындағы қоқыстар жиналып, арық-атыздар тазартылды, шөптер орылып, сырлау және әктеу жұмыстары атқарылды. Жалпы сенбілікке 1980 адам қатысып, 20 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 30 тонна қоқыс арнайы орындарға шығарылды. Бұдан бөлек, 65 көше, 30 аялдама, 15 шақырым жаяу жүргіншілер жолы, 17 саябақ пен сквер, 17 спорт алаңшасы, 55 шақырым арық-атыз және 9 шақырым ирригациялық жүйе тазартылды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 32 рет