Сейсенбі, 28 Сәуір 2026 18:19

Түркістан: Сауран ауданында шомылу маусымындағы қауіпсіздік пен дала өртінің алдын алу шаралары қаралды

Сауран ауданы әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиында аудан көлеміндегі бірқатар өзекті мәселелер қаралып, жауапты бөлім басшыларының есептері тыңдалды. Күн тәртібіне сәйкес алғашқы мәселе шомылу маусымы кезіндегі судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дала өрттерінің алдын алу шаралары болды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мұхтар Қуанышбаев атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндап, алдағы кезеңге жоспарланған қауіпсіздік шараларына тоқталды.

Келесі кезекте ауыл шаруашылығы саласындағы индикаторлық көрсеткіштердің І тоқсандағы орындалуы және шегіртке зиянкестеріне қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ербол Насыр аталған бағыттағы жұмыстардың барысын баяндап, нақты көрсеткіштерге тоқталды. Сонымен қатар, Конго-Қырым қанды безгегінің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ветеринариялық қызмет өкілі Мадихан Абдироманов хабарлама жасады. Бұл бағыттағы алдын алу шараларын күшейту қажеттігі атап өтілді.

Қосымша күн тәртібінде халықты жұмыспен қамту, Д және Е санатындағы отбасыларды өзектендіру, көктемгі әскерге шақыру науқанының орындалу барысы қаралды. Сондай-ақ облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы мен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында анықталған кемшіліктер талқыланды. Мәжіліс қорытындысы бойынша аудан әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, көрсетілген бағыттар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 30 рет