Жиынды саясаттану ғылымдарының PhD, «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі Ардақ Базарбекұлы ашып, қатысушыларды Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен құттықтады. Ата Заңымыз еліміздің саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын айтып, мұндай өзгерістердің әділетті мемлекет құру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Заң ғылымдарының докторы, профессор, «Қылмыстық құқық және қылмыстық процесс» кафедрасының меңгерушісі Айсана Сман Жаңа Конституцияның мемлекетіміздің құқықтық жүйесін жетілдіріп қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін қалыптастыратынын жеткізді.
Профессордың айтуынша, Конституция қабылданған күннен бастап кафедрада білім алатын 2,5 мың студент арасында Конституциялық реформалардың мәні мен мазмұнын түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауатын арттырып, азаматтық жауапкершілігін нығайтуға ықпал етеді.
Жиын барысында сөз алған өзге де қатысушылар Ата Заңды құрметтеу әрбір азаматтың басты міндеті екенін атап өтті.
Айта кетейік, Ата Заңға өзгерістер енгізу бастамасын былтыр Мемлекет басшысы көтергенді. Президент Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде Ата Заңның 40-қа жуық бабына өзгеріс енгізілетінін айтқан болатын. Жаңартылған құжат кіріспеден, 11 бөлімнен және 96 баптан тұрады. Онда азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, білім мен ғылымды дамыту, сондай-ақ цифрлық кеңістіктегі жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау сияқты маңызды мәселелер қамтылған.