Жиында ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, коммуналдық инфрақұрылым және әлеуметтік саладағы атқарылған жұмыстар кеңінен баяндалды. Ауыл шаруашылығы саласында көктемгі дала жұмыстары толық орындалып, 5180 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Сонымен қатар 585 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы енгізіліп, су үнемдеу бағытындағы жұмыстар нәтижелі жүзеге асырылды.Кәсіпкерлікті дамыту бағытында бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, жиһаз өндіру цехының құрылысы жүргізілуде. Жоба толық іске қосылған кезде 70 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар Аша елді мекенінде 200 орындық балабақша құрылысы жалғасып жатса, Шорнақ ауылында 300 орындық жеке балабақша пайдалануға берілді.
Әлеуметтік салада халықты жұмыспен қамтуға ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері 123 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, ұлттық жобалар аясында 50 азамат еңбекке тартылды. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 35 отбасыға тағайындалып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға демеушілер есебінен көмек көрсетілді. Елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 15 көшеге жалпы ұзындығы 11,5 шақырым тас төселіп, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін 12 бейнебақылау камерасы орнатылды. Көше жарықтандыру жүйелері жаңартылып, бірқатар көшелерде сәндік жарық шамдары орнатылды. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен ұсыныстар тыңдалып, жауапты бөлім басшылары тарапынан тиісті түсіндірмелер берілді. Аудан әкімі көтерілген мәселелердің барлығы бақылауға алынып, кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат