Сенбі, 20 Маусым 2026 12:53

Сауран ауданы: Иассы ауылдық округінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланды

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен Иассы ауылдық округі тұрғындарымен есеп беру кездесуі өтті. Кездесу барысында ауылдық округтің 2026 жылдың алғашқы төрт айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары сараланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер мен жоспарлар талқыланды.

Жиында Иассы ауылдық округінің әкімі Сиздик Пирметов округ аумағында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Сонымен қатар жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар салалары бойынша жауапты бөлім басшылары тұрғындарды қызықтырған мәселелерге тоқталды. Есепті кезеңде ауылдық округ бойынша салық түсімдерінің орындалу деңгейі оң көрсеткішке жетіп, жылдық жоспардың 56,5 пайызы орындалды. Ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық белсенділік артып, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 146,8 млн теңгені құрады. Мал шаруашылығы бағытында жаңа қора-жайлар мен инфрақұрылым нысандарын салу жұмыстары жүргізілуде.Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі де тұрақты өсім көрсетуде. Бірінші тоқсанда 625 тонна ет өндіріліп, 80 тонна сүт өнімі өндірілген.Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауыз сумен қамту жүйесі кезең-кезеңімен жаңғыртылуда.

Кездесуде өндіріс саласын дамытуға бағытталған маңызды жобаларға ерекше назар аударылды. Еңбекші Дихан ауылындағы 8 гектар аумақта орналасқан өндірістік аймақта бүгінде 22 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Оның ішінде 7 кәсіпорынның құрылысы толық аяқталған. Болашақта мұнда жиһаз және құрылыс материалдарын өндіретін 24 кәсіпорын жұмыс істеп, 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ Еңбекші Дихан ауылында Түркістан–Кентау тас жолы бойынан «Дәморда» азық-түлік өндірістік кешенінің құрылысы басталды. Жалпы аумағы 6,3 гектарды құрайтын жоба аясында 18 инвестор өндірістік нысандарын орналастыруды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар барлық ұсыныстар мен ескертулер хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 34 рет