Сенбі, 20 Маусым 2026 14:31

Сауран ауданы: Оранғайдағы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы қаралды

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Оранғай ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың құрылыс барысымен танысып, мердігер мекемелер өкілдерімен кездесті.

Жұмыс сапары барысында аудан басшысына Оранғай елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету және Бостандық елді мекенін электр желісімен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Мердігер ұйымдар құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу барысы жөнінде баяндап, жобалардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, Оранғай елді мекеніндегі газ құбыры құрылысы жобасы аясында жалпы ұзындығы 108 шақырым газ желісін тарту жоспарланған. Бүгінде 15 шақырым темір құбыр мен 82 шақырым полиэтилен құбыры жүргізіліп, құрылыс жұмыстары қарқынды жалғасуда. Жоба толық аяқталғаннан кейін 1740 абонент табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болады.

Сонымен қатар, Бостандық елді мекенін электрмен қамтамасыз ету жобасы бойынша ұзындығы 16,5 шақырым электр желісі тартылып, 708 электр бағанасы орнатылған. Сондай-ақ 6 дана трансформаторлық қосалқы станцияны іске қосу көзделген.Кездесу барысында аудан әкімі мердігер мекемелерге құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындар үшін маңызды инфрақұрылымдық нысандарды белгіленген кестеге сәйкес аяқтап, пайдалануға беру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 32 рет