Сенбі, 20 Маусым 2026 15:42

Сауран ауданында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қайырымдылық шарасы өтті

Сауран ауданында балаларға қолдау көрсетуге бағытталған қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында демеушілердің қолдауымен ерекше қажеттілігі бар балаларға өздерінің қалауы бойынша таңдалған сыйлықтар табысталды. Шараның басты мақсаты балаларға қуаныш сыйлап, олардың қоғамдағы маңызын сезіндіру және әлеуметтік қолдауды күшейту болды.

Қайырымдылық шарасына Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, балалар мен олардың ата-аналарын мерекемен құттықтады. Аудан басшысы мұндай игі бастамалардың қоғамдағы бірлік пен жанашырлық құндылықтарын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.- Балалардың қуанышы - барша қоғамның ортақ қуанышы. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндердің жүзіндегі шаттықты көру үлкен бақыт. Бүгінгі қайырымдылық шарасына қолдау білдіріп, балалардың армандарын орындауға атсалысқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Жас ұрпақтың бақытты балалық шағы үшін жасалған әрбір игі іс ел болашағына салынған маңызды инвестиция, - деді аудан әкімі.

Шара барысында балаларға арнайы мерекелік көңіл-күй сыйланып, мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды. Өз кезегінде ата-аналар балаларға көрсетілген қамқорлық пен қолдау үшін ұйымдастырушылар мен демеушілерге ризашылықтарын жеткізді. Айта кетейік, қайырымдылық шарасы ауыл азаматтары мен демеушілердің қолдауымен жүзеге асып, балалардың көптен күткен тілектерінің орындалуына мүмкіндік берді.

Қоғамның өркениеттілігі ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға, әсіресе балаларға деген көзқарасымен өлшенеді. Олардың денсаулығын сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамға бейімделуіне жағдай жасау – тек ата-аналардың ғана емес, мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Ерекше қажеттілігі немесе мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, оларға көмек көрсету, қолайлы орта жасау – кез келген демократиялық елге тән құбылыс. Азаматтардың қандай да бір жағдайларға, күйге, дертке немесе қажеттілікке тап болуы қашан да кездесіп жатады.

Ал мұндайда мемлекет барынша өз азаматтарын қорғап, әлеуметтік көмек беріп, басқа да қосалқы әлеуметтік көмек тағайындап, жүріп-тұратын ортадан бастап, оқу, білім алу, жұмыс істеуге дейінгі жүйені ыңғайластырып, бейімдейтіні анық.сҚоғам баршаға тең болу керек деген ұстанымның астында дәл осы ерекше қажеттілігі бар жандарға көмек көрсету де жатыр. Осы орайда соңғы жылдары еліміз инклюзивті қоғам құруда біраз мәселелерді көтеріп, алға тартып жүр. Соның ішінде ерекше балаларға ерекше білім беру мәселесі турасында талай бағдарламалар іске асты.

Ерекше қажеттілігі бар балалар мектеп жасында үйде отырып білім алатын еді. Оларға арнайы бағдарлама жасалып, педагогтар қатынап жүріп оқытатын. Әрине, бұл бала мен ата-ана үшін өте жақсы әдіс. Дегенмен бала қоғамнан, қатарластарынан, олардың ортасынан тыс өскендіктен кейіннен оның адамдармен, айналамен коммуникация құруы қиындап кететінін уақыт дәлелдеді. 

Көптеген мектептерде инклюзивті білім беруге қажетті құрал-жабдықтар, арнайы кабинеттер, пандустар, тактильді жолақтар, арнайы оқулықтар мен құралдар жеткіліксіз. Инклюзивті сыныптарда жұмыс істеу үшін мұғалімдерге арнайы білім мен дағдылар қажет. Алайда қазіргі таңда педагогикалық кадрлардың көбі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу әдістемесін толық меңгермегені рас. Қазақстанда инклюзивті білім беруді реттейтін заңдар бар, бірақ оларды іс жүзінде толыққанды жүзеге асыруда қиындықтар туындап жатады. Қолданыстағы нормативтік актілерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажет.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 35 рет