Сенбі, 04 Шілде 2026 22:15

Түркістан қаласының экологиялық ахуалының жақсара түсуі туризмді дамытуға оң әсер етеді

Елді мекендердің көгалға оранып, экологиялық ахуалының жақсара түсуі ішкі туризмнің де дамуына қосар үлесі зор екені белгілі. Жасыл аймақтардың, тынығу орындарының көп болуы тұрғындардың да денсаулығына оң әсері етері сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендерді көгалдандыру, экологиялық ахуалды жақсарту және жасыл аймақтарды көбейту жөніндегі тапсырмасы өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында Түркістан қаласында заманауи тұқымбақ салынып, жылыжайларын кеңейту жұмыстары басталды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс орталығындағы жаңа тұқымбақтың жұмысымен танысып, жобаны дамыту жоспарын саралады. Сонымен қатар тұқымбақтың өндірістік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымын жетілдіру және өңірді көгалдандыруға қажетті көшеттер мен гүлдердің санын көбейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.– Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жасыл алқапты көбейтуді тапсырды. Бізде барлық мүмкіндік бар. Осындай тұқымбақтарды облыс орталығында ғана емес, барлық аудан-қалада ашып, еліміздің басқа өңірлерін көшетпен қамтуымыз керек. Екіншіден, елге түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Әр тұрғын өз үйінің ауласына ағаш ексе, экология жақсарады. Өздеріңіз көрдіңіздер, 8 жылда Түркістанның ауа райы өзгеріп, температура сәл төмендеді. Бұның бәрі – көгалдандыру жұмыстарының нәтижесі, – деді Нұралхан Көшеров.

«Түркістан қаласы аумағындағы тұқымбақ» жобасының жалпы құны – 400 миллион теңге. Жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын нысанның құрылысы 2025 жылдың қазан айында басталған. Күтіп ұстаушы әрі жауапты мекеме ретінде «SK Geokart» ЖШС белгіленген. Қысқа уақытта гүл, ағаш көшеттерін өндіру жұмысы өз жемісін бере бастаған. Алдағы кезеңде тұқымбақтың жылыжай аумағын кеңейту, асфальт жол салу, табиғи газ және ауыз су желілерін тарту жоспарланған. Сонымен қатар Арыс-Түркістан су жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалану және өсімдіктердің сапасын арттыру мақсатында арнайы зертхана құру көзделген.

Жаңа тұқымбақ толық қуатына шыққанда мұнда жыл сайын 700 мың түп біржылдық гүл, 1 миллион түп жапырақты ағаш көшеті, 50 мың түп қылқанжапырақты ағаш және 100 мың түп көпжылдық гүл өсіріледі деп көзделген. Бұл өнімдер Түркістан қаласы мен облыс аумағындағы саябақтарды, гүлзарларды, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға пайдаланылып, жергілікті көшетпен қамтамасыз етпек. Айта кетейік, Президенттің республика аумағына 15 миллион ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл Түркістан облысында 1 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Көктемгі маусымда 332 мыңнан астам көшет отырғызылды. Барлық көшеттер облыстағы 14 жергілікті тұқымбақта өсірілуде. Сонымен қатар инвесторлардың қолдауымен қосымша 1 миллионнан астам ағаш отырғызылып, белгіленген жоспар артығымен орындалады деп күтіліп отыр.

Туризм саласы соңғы уақытта Түркістанда қарқынды дамып, тұрғындардың туристерге сапалы қызмет көрсетіп, олжаға кенелуіне мол мүмкіндік бар екенін дәлелдеуде. Себебі Түркістанда туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету жергілікті биліктің күн тәртібіндегі басты талаптарының бірі болып отыр яғни, туризмді өңірдің негізгі драйверлерінің бірі ретінде дамыту назарда тұр. Статистика бойынша Түркістан қаласына негізінен Қызылорда, Шымкент, Алматы қалаларынан және Түркістан облысының өзінен адамдар көп келеді. Шетелдік туристер – негізінен Түркия, Франция және басқа да Еуропа елдерінен келушілер. Қазақтың салт-дәстүріне қызығушылық танытқан қытайлық туристер де көп. Шетелдік туристер үшін үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) еркін сөйлей алатын гидтер де жұмыс істейді. Түрік тілінде еркін сөйлесетін қызметкерлер де бар. Маусымның қызған кезінде күніне 20 мыңға дейін адам келген.Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Түркістанда мереке күндері «Керуен сарайда» атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, еліміз бен шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді. Жыл соңына дейін әншілер мен жұлдызды топтардың қатысуымен ондаған іс-шара ұйымдастырылады. 

Түркістанда «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы археологиялық мұражай паркін құрудың жалғасы ретінде заманауи сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік беретін нысандар салынады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Қызықты әрі маңызды жоба жан-жақты талқылануда.  Күлтөбе қалашығы ежелгі Яссы қаласының бір бөлігі болған. Жоба мемлекетпен айрықша қорғалатын аумақта, ЮНЕСКО ұйымының Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында іске асырылатындықтан, қазіргі археологиялық зерттеулер ЮНЕСКО мен ИКОМОС ұйымдарының дүниежүзілік мұра саласындағы халықаралық сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастықта жүзеге асуда.

Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру мен ғылыми-зерттеуге жергілікті ғалымдар атсалысты. Қалашықта әртүрлі кезең нысандарының эскиздері – қолөнершілердің тұрғын үйлері, заттар, ежелгі сауда көшелері, шеберханалар, ішкі аулалар және XII-XIX ғасырлардағы бекініс қабырғаларының элементтері табылған. Осы жәдігерлер «Күлтөбе қалашығы» паркіне орнатылып, саяхатшыларға ұсынылмақ. Күлтөбе қалашығы аймағындағы туристік нысан, Түркістан қаласы аумағында шығыс үлгісінде безендірілген мұнаралар салу мәселелері қаралып жатыр. Сондай-ақ, «Қолөнершілер орталығы» нысанын салынды. Әрбір нысан бойынша тиісті ескертпелер айтылып, ұсыныстар берілді. Олардың бәрі жұмыс жоспарына енгізіліп, тиісті жұмыс жүреді.

Әлемге назар салатын болсақ, экономиканың үздіксіз дамуына ілесіп және техниканың  жаңалануына байланысты халықаралық туризм күн өткен сайын қанатын кеңге жаюда. Көлік-коммуникациясы  қолайлы болған сайын қарым-қатынас, жүріс-тұрыс қарқын алып келеді. Адамдардың табысы жоғарылай бастаса, бірдеңе ойлай бастайды. Яғни дүниені кезіп, саяхаттау екінің бірінде болатын арман. Кәсіпкерлер мен тұрақты капиталы бар байлар онсызда әлемді шарлауды күн тәртібіне қояды. Осылайша туризм бүгінгі күннің жаңа өрлеуі болып отыр. Ғаламшарға зер сала қарасақ, туризмнің заманы жүріп жатыр, оның өсу жылдамдығыда зор. Тек кезектегі «індеттің» тосқауыл болып, жұрттың қол аяғын байлап қойғаны болмаса, дүние қалыбына келіп, сабасына түссе туризм саласы дүр ете қалайын деп тұр.

Біздің мемлекетімізде, табиғат тылсымы мен жаратылыстың таңғажайыбы жеткілікті. Жеріміз кең, климаты әр түрлі болғандықтан, бір тамыз айының өзінде төрт маусымның элементтерін бір мезгілде көре аласың.  Жер бетінің жеті ықылымын бағындырған Әмір Темірдің табаны тиген тағдырлы жері осында жатыр. Қолтаңбасы басылған ТҮРКІСТАН әне тұр. Енді біз сол шахбаз шаһардың халықаралық деңгейдегі туризм орталығы болуына жұдырық болып жұмылып, ел болып ерен күш салсақ, туристер шоғыры өздігінен қаптайын деп тұр. Бұл өз кезегінде еліміз бен жаңа қаламыздың экономикалық-әлеуметтік дамуының теңдесіз, тамаша үлгісі болмақ. Түркі әлемінің бесігі саналатын қасиетті Түркістанның өркендеуіне үлес қосу арқылы өркениетті елдердің санатына жақындай түспекпіз. Ол үшін мүмкіндік те жоғары. Ұлы даламыз туристердің ұясына айналарына жұртшылықтың сенімі мол.                                                                         

Кәрі құрлыққа қара шаңырағының қазығын қаққан қаймана қазақтың рухани астанасы болған Түркістанның облыс орталығына айналуы өз бетінше жеке өмір сүрсін, қалғандары да біртіндеп жетіліп кетер деген сынды жай ғана жеңіл мақсатпен жасалған жаңалық емес әлбетте. Керісінше, одан әлдеқайда ауқымды, үлкен мақсатты көздеген шешім. Түркістан ежелден Ұлы Жібек жолының бойында жатқан қала, киелі шаһар. Біз бұл жаңалықты тек осы оймен, яғни тек сыртқы форма үшін жасалды деп ойламауымыз керек.  Оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанда аса ауқымды жұмыстар басталып, ірі-ірі жобалар қолға алынып жатыр. Көрші мемлекетпен қатарласып, біздің шекара бойында жатқан облыс та одан әрі қарқынды түрде дамуы тиіс. Оған мүмкіндігі де, әлеуеті де әбден жеткілікті. Осы жағынан алғанда, бұл жаңалық біздің еліміз үшін, жаңа атауға ие болған облыс үшін тиімді болды. Сондықтан Түркістанның облыс орталығы болғанына көпшілік қуанышты, әрі қарай жан-жақты дами беретіні анық.

Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша 4 бағыт айқындалған болатын. Түркістан қаймағы бұзылмаған қазақтың қасиетті қарашаңырағы, берекесі ұйыған киелі мекені. Осы қастерлі де, қадірлі мекеннің даму даңғылы ретінде саналатын аталмыш бағыттарды өз кезегінде ұсынылған тамаша бастама екені анық. Енді, ол жердегі: «Түркістан - қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы; Әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы; Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы;  Қожа Ахмет Ясауи - рухани тұлға сынды» төрт бағыттың айналасындағы атқарылар жұмыстар нәтижесін берсе, қаланың одан сайын қарыштап дами түсетіні уақыт күттірмейді.

Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы.  Енді, облыста туризмді, ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылымның дамуына серпін бере отырып, Түркістанның тек киелі мекен емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді.  Жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үй және басқа да жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылады. 

Бүгінде тікелей Түркістан қаласына көп көңіл бөлініп отыр. Көптеген туристер күндіз келушілер немесе киелі орындарға бағыт алғандар. Сондықтан, негізгі міндет - адамдар Түркістанға түнеуге келіп, бірнеше күнге қалып, қаржыларын осында жұмсап, кәделі сыйлар алуына, мейрамханаларға баруына жағдай жасау болып отыр. Бізге осы жағына көп көңіл бөлу керек дейді мамандар.

Түркістанның мемлекетіміздің экономикалық, әлеуметтік, идеологиялық дамуында алар орны ерекше. Түркістан өңірі әлмисақтан сауда-саттық пен ынтымақтың алтын ордасы болған. Түркістанды облыс орталығына айналдыруы – ең бір ұтқыр да көреген шешім болды. Облыс орталығы мәртебесін иеленген Түркістан қаласы қашанда тарихи туризмнің алтын ұясы саналып келеді. Бұл жақта туризм кластерінің басым бағыты саналатын көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Қала басында қала қонақтары мен тұрғындарына қажетті ойын-сауық орталығы, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театрлар, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквопарк, спорттық демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынған. Бұл өз кезегінде туристерге толықтай сапалы қызмет көрсете алатын жағдай деген сөз.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 48 рет