Жұма, 19 Маусым 2026 10:30

Отырар ауданының әкімі әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызы бар нысандарды аралады

Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудан аумағындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызы бар нысандарды аралап, құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Іссапар барысында аудан басшысы алдымен Маяқұм ауылдық округіне қарасты Маяқұм елді мекеніндегі ауыз су желілері мен нысандарын қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Аталған жобаны мердігер мекеме – «Building Agency» ЖШС жүзеге асыруда.

Жоба аясында ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын ауыз су құбырлары жөнделіп, жақын маңдағы елді мекендерге тартылған су желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарын сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Одан кейін аудан әкімі Ызакөл ауылында болып, тұрғындарды ауыз сумен қамту жағдайымен танысты. Сондай-ақ Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ақтөбе елді мекенінде орналасқан «Мұрат» шаруа қожалығының 5 000 басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылыс барысын бақылады. Жобаның жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайды.

Жалпы аумағы 20 гектар жерді қамтитын жоба аясында етті мал шаруашылығын дамыту, импортты алмастыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспорттау бағытындағы жұмыстар жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 25 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.Қазіргі таңда 20 гектар аумақ толық қоршалып, ветеринариялық бекет, бордақылау алаңдары және құрама жем сақтау қоймасының құрылысы толық аяқталған. Сонымен қатар нысандардың ішкі және сыртқы инженерлік-монтаждау жұмыстары да толық жүргізілген. Іссапар соңында аудан әкімі Темір ауылдық округіне қарасты Темір ауылында орналасқан ірі қара малға арналған 200 бастық бордақылау алаңы мен мал сою кешенінің жұмысымен танысты. Жобаның өндірістік қуаттылығы тәулігіне 15 бас ірі қара мал союға есептелген. Сонымен қатар нысан сыйымдылығы 150 тонна болатын тоңазытқыш қондырғысымен жабдықталған.

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталып: «Халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған әрбір жоба – біздің басты назарымызда. Тұрғындарды сапалы инфрақұрылыммен және таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады», – деді. Іссапар қорытындысында аудан басшысы елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.

Бүгінгі таңда Отырар ауданы тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру, инфрақұрылымдар салу мен ауылдарды дамытуға бағытталған көптеген мәселелер өз шешімін тауып келеді. Мәселен, өткен жылы республикалық бюджет есебінен Балтакөл, Ақкөл, Сырдария елді-мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары жүргізіліп, ауыл тұрғындары таза ауыз сумен қамтылды. Бүгінде Аққұм елді-мекенінің ауыз су жүйесін қайта құру жұмыстары жүргізіліп, Маяқұм, Жаңа Шілік елді-мекендерінің ауыз су жүйелерінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, 13 елді-мекеннің ауыз су жүйелерін жөндеу жұмыстары атқарылды.

2025 жылдың қорытындысымен аудан көлемінде 46 көше орта жөндеуден өтсе, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 7 көше жарықтандырылды. Бұқаралық спортты дамыту бағытында да ауқымды жұмыстары қолға алынып,  Ш.Қалдаяқов ауылынан жабық шағын футбол алаңы, аудан бойынша 3 спорт алаңы мен 9 балалар ойын алаңшасы салынып, ел игілігіне берілді. Отырар елді-мекеніндегі саябақ, Арыстанбаб кесенесі маңындағы айналма жол мен ауданға кіре беріс қақпасы абаттандырылып, аяқжолдар салынды. Ауданымыздың басты туристік даңғыл жолы саналатын Темір, Шәуілдір, Қоғам ауылдарына евро қоршаулар мен аялдамалар орнатылды.

Соңғы жылдары ауданның басты проблемасы ағын су тапшылығы болатын. Осы мәселені шешу үшін «Қазсушар» РМК-нің аудандық бөлімшесіне, облыстық мекемесі мен тиісті министрлікке аудандық мәслихат тарапынан өткен жылы отызға жуық депутаттық сауал жолданған болатын. 2025 жылы «Қазсушар» РМК тарапынан ұзындығы 48,7 шақырымды құрайтын 29 канал, демеушілер тарапынан коммуналдық меншіктегі 3 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Қазсушар» РМК тарапынан 58 каналға жобалық сметалық құжаттамалары әзірленуде. Бүгінгі таңда 8,4 шақырымды құрайтын каналды бетондау жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ «Д.Алтынбеков» каналының 10,7 шақырым бөлігін бетонмен қаптау жұмыстары жүргізілуде.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 31 рет