Жұма, 19 Маусым 2026 11:50

Отырар ауданы: көпбалалы аналарға Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілері табысталды

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Қазақстан Республикасының Президентінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі №1247 Жарлығы аясында ел болашағы үшін өлшеусіз үлес қосып келе жатқан көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін салтанатты түрде табыстады.

Марапаттау рәсімінде аудан басшысы аналарды мерейлі марапаттарымен құттықтап, олардың қоғам мен отбасыдағы ерекше рөлін атап өтті. Сондай-ақ ұлт болашағын тәрбиелеп отырған аналардың еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін айтып, отбасыларына амандық, бала-шағаларына бақ-береке тіледі. «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» – аналардың еселі еңбегі мен ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігінің айқын көрінісі. Бұл марапаттар көпбалалы аналарға көрсетілген мемлекет қамқорлығы мен құрметінің белгісі.

Отырар ауданында бүгінде 703 «Алтын алқа», 1373 «Күміс алқа» иегері және 66 «Батыр ана» бар. Бұл өңірдегі береке мен бірліктің, отбасы құндылықтарына деген адалдықтың айқын көрінісі. Осындай аналардың арқасында елімізде ұрпақ сабақтастығы сақталып, ұлттық тәрбиенің өзегі нығайып келеді. Салтанатты шара барысында марапат иелері көрсетілген құрмет үшін алғыстарын білдіріп, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еңбектерін жалғастыра беретіндерін жеткізді. Анаға деген құрмет – қоғамның рухани байлығы мен ел берекесінің кепілі. Сондықтан аналардың еңбегін ардақтау – баршаның ортақ міндеті.

Дерек ретінде айта кетейік, 2026 жылғы қаңтар айында көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен 875,2 мың отбасы жалпы сомасы 56,5 млрд теңге мөлшерінде, оның ішінде: көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақымен – 627,4 мың отбасы 49,2 млрд теңгеге; наградталған анаға берілетін жәрдемақымен – 247,8 мың адам 7,3 млрд теңгеге қамтылды.

Көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері балалар санына байланысты сараланады және 2026 жылы мынадай көлемде белгіленген:

- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 69 330 теңге;

- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 86 673 теңге;

- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 104 017 теңге;

- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 121 360 теңге;

- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе
17 300 теңге.

Наградталған анаға берілетін жәрдемақы «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады.

Аталмыш жәрдемақы ай сайын келесі мөлшерде төленеді:

«Күміс алқа» алқасымен наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе
27 680 теңге;
«Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 32 005 теңге. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 10%-ға артқанын атап өтеміз.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 24 рет