Шара барысында балалар ойын алаңдарына су шашылып, ауа температурасының әсерін азайтуға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Бұл балалардың таза ауада алаңсыз ойнап, уақыттарын көңілді өткізуіне мүмкіндік берді. Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен алаңға келген 370 балаға балмұздақ үлестіріліп, оларға мерекелік көңіл күй сыйлады. Балалардың қуанышты жүздері мен ата-аналардың ризашылығы бұл игі бастаманың маңызын айқындай түсті. Аталған шара тұрғындардың жазғы демалысын жайлы өткізуге жағдай жасап қана қоймай, өскелең ұрпаққа деген қамқорлықтың нақты көрінісіне айналды. Осындай әлеуметтік маңызы бар игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, аудан тұрғындарының игілігіне қызмет ететін болады.
Сондай-ақ, жаз мезгіліндегі аптап ыстықтың әсерін төмендету және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында Шәуілдір ауылының көшелерінде аэрация жұмыстары жүргізілуде. Арнайы техникамен жол жамылғысына су бүрку арқылы асфальттың шамадан тыс қызуының алдын алу шаралары жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар көшелердегі жылу деңгейін төмендетіп, қоршаған ортаның жайлылығын арттыруға және тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Аэрация жұмыстары жазғы маусым бойы тұрақты түрде жалғасатын болады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат