Дүйсенбі, 22 Маусым 2026 09:14

Созақ ауданында «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» флешмобы өтті

Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында кең көлемді флешмоб ұйымдастырылды. Аталған шара Созақ ауданы әкімдігі мен аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен өтіп, қоғамда отбасылық құндылықтарды дәріптеу, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілді.

Республикалық іс-шара шеңберіндегі флешмоб ауданның Орталық стадионында ұйымдастырылды. Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы сөз сөйлеп, қоғамдағы тұрақтылық пен берекенің негізі – отбасындағы сенім мен сыйластық екенін атап өтті. Сонымен қатар, әрбір отбасында қауіпсіз орта қалыптастыру, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде Созақ аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Нұрәділ Нұрланұлы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар құқық қорғау органдарының күнделікті назарында екенін айтып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау басты міндеттердің бірі екенін жеткізді. Шара барысында қоғам назарын зорлық-зомбылықтың алдын алуға аудару, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және отбасылық құндылықтарды нығайту мәселелері кеңінен насихатталды.

Естеріңізде болса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Көкшенің төрінде өткен құрылтайда да «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдау қажет екендігін айтып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралардың қабылданғандығын тілге тиек еткен болатын. «Биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де аяқталады. Біз әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдадық»,-деді Президент сол құрылтайда.

Адам құқығы бала құқығын қорғаудан басталады. Бала атаулы қашанда ерекше қорғау мен қамқорлыққа мұқтаж екенін ескерсек, бұл заң жүзінде реттеліп, бекітілуі тиіс. Ал «Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары туралы» заңға сәйкес тегіне, нәсіліне және ұлтына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, тіліне, біліміне, дінге деген көзқарасына және тұрғылықты мекен жайына қарамастан барлық баланың құқығы тең. Яғни бала құқығының қорғалуы аса маңызды жауапты іс. Өйткені өскелең ұрпақ өз құқығын жете біліп, демократиялы тең құқықты мемлекетте өмір сүріп жатқандығын толықтай сезінуі тиіс.

Ана мен бала қауіпсіздігі қашан да маңызды. Отбасындағы жағдайлар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегетіндер ана мен бала екендігі баршаға мәлім. Сондықтан елімізде әйел мен бала құқығының қорғалуы жылдан жылға қатаңдап келеді. Мәселен, өткен жылғы құрылтайда әйел мен бала құқығына байланысты бірқатар шешімдер қабылданып, заң жүйесіне жаңа заңнамалар енгізілген болатын. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін әкімшілік құқық бұзушылық негізінде емес, қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылуы басшылыққа алынған болатын. Яғни заң жүйесі қатаймай, тәртіптің де қалыптаспайтыны белгілі болғаннан кейін, заңға жаңа жүйелер енгізілді. Бұл өз кезегінде ана мен баланың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында іске асқан ауқымды заң жүйесінің бірі әрі бірегейі еді.

Бүгінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Алайда адамдар бұл туралы ашық айтпайды немесе айтуға қорқады. Бұл дұрыс емес. Негізінде, Қазақстан Республикасының Конс­титуциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған. Зорлық-зомбылыққа азаматтардың құқын бұзатын бір адамның екінші адамға тәндік немесе психикалық ықпал етуі жатады. «Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз оның қоғамдағы алар орнына қарай айтылса керек. Осы бір ғибратты сөз босағаның берік, шаңырақтың биік болуын, халық санының көбейіп, қоғам байлығының еселеп артуына өзіндік ықпал ететінін көрсетеді.

Өкінішке қарай, түрлі жағдайға байланысты шаңырақтың шайқалып, бейкүнә сәбилердің жаутаңкөзге айналып жататын кездері де аз емес. Әрине, берекесі мен бірлігі жоқ, күнде айқай-шу болатын үйде зорлық-зомбылықтың болатыны белгілі. «Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі еш уақытта қоғамды бей-жай қалдырған емес. Тұрмыстық зомбылықта көбіне зардап шегетіндер – әйелдер мен жас балалар. Бала үшін ата-анасының үйі әрқашан ең қауіпсіз жер бола бермейтінін айғақтайтын фактілер де ал арасында жиі кездеседі. Балаларға, әсіресе кішкентайларға зорлық-зомбылықтың үй, отбасы ішінде көрсетілуі көзге түсе қоймағандықтан, көп жағдайда мойындалмайды. Дөрекілік, балаға күш көрсету, олардың бағдарын өзгерту, зорлық-зомбылықты, сайып келгенде қылмысты тудырады. Ол тіпті өз-өзіне қол жұмсауға да алып келуі мүмкін.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықты көріп өсу болашақ ұрпаққа қауіп төндіреді. Мұндай отбасындағы балалар бұл әрекетті отбасылық дау-жанжалдарды шешудің негізгі құралы ретінде қарастырады және болашақта өзінің отбасында да осы әрекетке жүгінетін болады. Отбасылық зорлық-зомбылық сонымен қатар ажырасулар мен толық емес отбасылар санының көбеюіне, балалар панасыздығын және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық сияқты бірқатар әлеуметтік мәселелерді тудырады.

Отбасы дегеніміз – адамзаттың өзі­нің өмір сүру тарихында құрған ең ұлы құндылықтарының бірі. Отбасының даму үстінде болуына, сақталуына және нығайып отыруына қоғам және мемлекет әрдайым назарын бағыттайды. Әр адамға, жас шамасына қарамастан, берік әрі сенімді отбасы қажет. Қазіргі таңда бүкіл әлемде отбасы ішіндегі тұрмыстық зорлық-зомбылық кең тарауда. Соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі құқық қорғау органдары мен халықтың назарын күшейте түсті. Мемлекет билігі бұл мақсаттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Басты мақсат – отбасын ажырату емес, керісінше бірлігі бекем, берекелі шаңырақтың санын арттыру.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 27 рет