Сейсенбі, 23 Маусым 2026 15:38

Созақ ауданында кең ауқымды сенбілік жұмыстары өткізілді

Созақ ауданы көлемінде ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Аудан көлеміндегі барлық ауылдық округтер мен елді мекендерде санитарлық тазалықты сақтау, аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді.

Тазалық шарасына мекеме қызметкерлері, тұрғындар, ерікті жастар мен қоғамдық ұйым өкілдері белсене қатысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. Сенбілік аясында Шолаққорған–Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағында көшеттерді күтіп-баптау, суару, арамшөптерден тазарту және абаттандыру жұмыстары атқарылды.

Сонымен қатар, Шолаққорған–Созақ, Шолаққорған–Шымкент және Шолаққорған–Түркістан бағыттарындағы күре жолдардың бойы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Елді мекендерде күл-қоқыс шығару, қоғамдық орындарды ретке келтіру, су өткелдері, каналдар мен арық-атыздарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Көше бойындағы ағаштардың түптері әктеліп, айналасы ретке келтірілді.Жалпы сенбілік жұмыстарына 3000-ға жуық адам мен 16 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде аудан аумағынан 50 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды.

Адам мен табиғат – бір-бірінен ажырамас егіз ұғым. Табиғат – тіршіліктің бастауы, ал қоршаған орта – адамзаттың өмір сүру кеңістігі, тынысы. Сондықтан табиғатты қорғау, оны аялау – әрбір адамның азаматтық әрі адамгершілік борышы. Қазақ халқы ертеден-ақ табиғатқа ерекше құрметпен қараған. «Жер – ана, ел – бала» деген даналық сөз арқылы жер мен елдің арасындағы терең байланысты айқын бейнелеген. Өйткені адам баласы табиғатсыз өмір сүре алмайды. Қоршаған ортаның тазалығы – адамның денсаулығы мен өмір сапасының басты кепілі. Сол себепті табиғатты сақтау – бүгінгі күннің және келешектің қасиетті жауапкершілігі. Сондықтан қоршаған ортаны көздің қарашығындай сақтау, қорғау әрбір адамның міндеті болып табылады. 

Қоршаған ортаны таза ұстау – адам баласының өмір сүру сапасын айқындайтын ең маңызды ізгі амалдардың бірі. Табиғаттың тұтастығы мен үйлесімі бұзылмай сақталғанда ғана тіршілік иелерінің тынысы кеңейіп, қоғамда береке мен тұрақтылық орнайды. Жер бетінің көркі мен жаратылыс әлемінің тепе-теңдігі әрбір адамның ұқыптылығы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Бейберекет ластау, ысырапшылдық және немқұрайлылық табиғи жүйенің әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан әрбір жан айналасына жанашырлықпен қарап, қоршаған ортаны қорғауды өз өмірлік мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналдыруы тиіс.  

Қорыта айтқанда, тазалық – денсаулық кепілі ғана емес, ол мәдениеттіліктің белгісі. Табиғат біздің ортақ үйіміз, ал үйінің тазалығына әрбір тұрғын жауапты. Болашақ ұрпаққа мөлдір су мен жасыл желекті аманат етіп қалдыру үшін бүгіннен бастап табиғатқа жанашырлықпен қарау әрбір саналы азаматтың қасиетті борышы. Демек, табиғат пен адам егіз ұғым. Қоршаған ортаның тазалығына бей-жай қарау өз болашағымызға балта шабумен тең. Халқымыздың: «Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ», «Батырлар – ел байлығы, табиғат – жер байлығы», – деуінің сыры осы болса керек.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз...

Қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу – аса маңызды. Бұл біздің қоғамның қалыпты қағидатына айналуы қажет. Экологиялық ағарту ісіне айрықша мән берген жөн...

Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы», – деді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 32 рет